Түркияда доп тепкен Бахтиер Зайнутдинов мәскеулік «Динамо» клубына ауысуға жақын

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бахтиер Зайнутдинов мәскеулік "Динамо" клубына ауысады
Бахтиер Зайнутдинов мәскеулік «Динамо» клубына ауысады / фото: flicr.com

Қазақстан құрамасының және Түркияның «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Ресейдің «Динамо Мәскеу» клубына ауысуға жақын. Бұл туралы инсайдерлік ақпараттар жариялайтын Telegram-арна «Инсайды от Карпа» хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, 27 жастағы футболшы 2,5 млн еуро + бонус жүйесі бойынша ауысады. Бүгін 24 шілде күні Зайнутдинов Мәскеуге ұшып, медициналық тексерістен өтпек. Егер бәрі сәтті аяқталса, футболшы 2029 жылға дейін есептелген келісімшартқа қол қояды.

Бахтиер өткен маусымда түріктің атақты «Бешикташ» клубының құрамында өнер көрсеткен. Алайда негізгі құрамда тұрақты ойнай алмады.

Бұған дейін испандық «Реал Вальядолид» клубы қазақстандық ойыншыны жалға алуға қызығушылық білдірген еді. Алайда түрік тарапы ойыншыны тек 5 млн еуроға сатып алу шартымен ғана босатуға дайын екенін білдірген.

Айта кетейік, Бахтиер Зайнутдинов Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені. Тараз футбол клубының түлегі бұған дейін «Астана» сапында, сондай-ақ, Ресейдің «Ростов», «ЦСКА» сынды клубтарында өнер көрсеткен.

Сондай-ақ оқыңыз