
Америкалық поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік турне аясында Түркияға келіп, 56 жасын сән-салтанатпен атап өтпек. 23 шілде күні әнші Анталья жағалауындағы сәнді Regnum Carya курортында өткен үлкен концертте өнер көрсетті. Pearl Event Area сахнасында өткен кеште «Let’s Get Loud», «Ain’t Your Mama», «On The Floor» сынды әлемге әйгілі хиттері орындалды.
Бұл – Лопестің аталмыш курорттағы алғашқы сапары емес. Бұған дейін де мұнда демалып, сахнаға шыққан. Қонақ үй қызметкерлерінің айтуынша, әнші түрік кофесіне ерекше құмарлығымен есте қалған.
Ал бүгін 24 шілде күні Дженнифер туған күнін Crown Villa деп аталатын ерекше резиденцияда атап өтеді. Бұл зәулім вилланың кейбір бөлмелері тікелей жартастың ішінен ойылып жасалған. Жалпы ауданы – 37 670 шаршы метр. Виллада сегіз жатын бөлме, сегіз жуынатын бөлме, алты гардероб, жеке кинотеатр, үлкен бассейн, джакузи, ақ құм төселген жағажай, spa және wellness орталығы, сондай-ақ жеке лифт қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Венгрияда өнер көрсеткен Лопес өз туған күніне арнап Birthday атты жаңа әнін жариялаған еді. Түркиядан кейін жұлдыз Испания, Италия, Румыния, Польша, БАӘ мен Мысыр елдерінде концерт өткізеді.
Қазақстанға алғашқы сапары 1 тамызда Астанадан басталмақ. Кейін Ереван, Стамбул, Ташкент қалаларында өнер көрсетіп, 10 тамыз күні Алматыда өзінің әлемдік турнесін қорытындылайды.