
Қазақстандық композитор Нұрзат Рахатов Ұлыбританияға маусымдық жұмысқа кетіп, фермада еңбек етіп жүргенін айтты. Бұл туралы әлеуметтік желіде блогер Данияр Билялов жариялаған видеодан белгілі болды.
Нұрзат Рахатов Қазақстаннан алғаш рет 2024 жылдың мамыр айында табыс табу үшін шетелге кеткенін айтты.
Мектепте мұғалім болып жұмыс істедім, бірақ Қазақстанда мұғалімдердің қанша жалақы алатынын білесіздер. Жалақы аз, ал отбасымызда жыл сайын сәбилер дүниеге келіп жатыр. Қосымша жұмыс іздедім. Содан Англияға маусымдық жұмысшылар қажет деген хабарландыруды көріп, сол бойынша келдім, — деді ол.
Композитордың айтуынша, фермадағы ауыр жұмысқа қарамастан, бос уақытында ән жазуды тоқтатпаған. Музыкамен айналысу – оның бала күнгі арманы әрі басты құндылығы.
Блогер одан Қазақстандағы әріптестері оның Англияда фермада жұмыс істеп жүргенін біле ме деп сұрады.
Иә, біледі. Видеоқоңырау арқылы сөйлесіп тұрамыз, — деді Нұрзат.
Нұрзат Рахатов «Сен маған массың», «Достарым менің золотой», «18-25 қайтып келмейді», «Махаббат жоқ, жоқ деме, жаным» сынды хит әндердің авторы.