Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтады / фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті. Ақорда мәліметінше, сөйлесу барысында Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысын туған күнімен шын жүректен құттықтап, бауырлас өзбек халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевтің беделді көшбасшылығының арқасында Өзбекстан тұрақты даму жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық бағытта елеулі жетістіктерге жетіп жатқанын атап өтті.

Әңгіме барысында екі ел арасындағы стратегиялық және одақтастық сипаттағы қатынастардың жоғары деңгейде екеніне назар аударылды. Тараптар сенімге, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген ынтымақтастықтың нығая түскенін айтты. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім-ғылым салаларындағы серіктестік те дамып келеді.

Қазақстан Президентінің айтуынша, бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы көбіне Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз ықпалдастыққа байланысты. Осы орайда тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілету бағытында нақты шаралар қабылдап жатқанын айтты.

Еске сала кетейік, екі басшы бұған дейін Алматыда бейресми кездесу өткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз