Ыстанбұлдағы Украина мен Ресей арасындағы үшінші келіссөз немен аяқталды

23 шілде кешкісін Ыстанбұл қаласында Украина мен Ресей делегациялары арасында соғысты тоқтату мәселесі бойынша үшінші келіссөз раунды өтті. Алайда алдыңғы кездесулерде сияқты, бұл жолы да айтарлықтай ілгерілеу байқалған жоқ – келіссөздер бір сағатқа жетпей, қысқа әрі нәтижесіз аяқталды.
Келіссөздерден кейін украин делегациясының жетекшісі Рустем Умеров журналистерге берген сұхбатында Киевтің Мәскеуге президенттер Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің қатысуымен жоғары деңгейдегі кездесу өткізуді ұсынғанын мәлімдеді. Бұл кездесуді Украина тамыз айының соңына дейін ұйымдастыруды көздеп отыр.
Алайда Ресей тарапы әлі күнге дейін мұндай кездесу өткізуге келісім берген жоқ. Тіпті Ресей президенті Владимир Путин Зеленскийді легитимді мемлекет басшысы деп мойындамайтынын айтқан болатын.
Сондай-ақ Рустем Умеров Украина соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға дайын екенін тағы бір мәрте атап өтті. Оның айтуынша, Киев нақты бітім орнатуға мүдделі және оған дайын.
Өз кезегінде Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский келіссөзден кейін, тараптар тұтқын алмасу туралы келісімге келгенін хабарлады. Келісімге сәйкес, әр тараптан кем дегенде 1200 адамды қамтитын жаңа алмасу жүргізілмек.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot зымырандарын жолдайтынын айтқан еді.