Бағанашылдағы жағдайдан кейін, Алматы облысының әкімі отставкаға кете ме

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев / Фото: primeminister.kz

Бағанашылдағы балалар үйіндегі жағдайдан кейін, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев отставкаға кете ме? Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұған қатысты пікір білдірді.

«Мұндай ұсыныстарды естідім, депутаттардың бірі айтқан. Бұл менің құзыретім емес. Бірақ меніңше, әкім, әкімшілік, оның командасы, әкімдік кей дүниелерге келісім жасамаған, бұрыс істеді», – деді ол.

Көшербаев балаларды көшіру «дәл сондай түрде» болады деп ойламағанын айтты. Бірақ өзінің де жауапкершілігі бар екенін қосты.

«Жауапкершілік толығымен атқарушы органға жүктеледі, бұған жол беруге болмайтын еді. Әрине, біз тиісті лауазымды тұлғалардың әрекеттері өз өкілеттіктерінен асып кеткен деп есептейміз», – деді премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, 21 шілдеде  Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді билік Қонаевтағы жаңа ғимаратқа күштеп көшіруге тырысты. Балалар бұған қарсы шығып, ортада жанжал болды.

Осыдан кейін президент Тоқаев балалар үйі көшірілмейді деген тапсырма берді, ал жанжалды Президент Әкімшілігі өкілдері тексерді.

Болған жағдайдан кейін депутат Бақытжан Базарбек Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев отставкаға кетуі керек деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз