Газа секторына жаппай аштық қаупі төніп тұр

Әлемдегі жүздеген гуманитарлық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Газаны аштық жайлап жатыр деп дабыл қақты. Оған әскерилердің гуманитарлық көмекті бұғаттап тастағаны себеп деп жазады Reuters.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесустың сөзінше, мыңдаған тонна азық-түлік, таза су мен дәрі-дәрмек секторға кірмей, сыртта қалып жатыр.
«Мұны жаппай аштық деуден басқа қалай айту керегін білмеймін. Бұл адамның ісі, мұның бәрі блокаданың кесірінен», – деді Тедрос баспасөз конференциясында.
Тедрос БҰҰ мен гуманитарлық серіктестер наурыз бен мамыр аралығында 80 күн бойы Газа секторына азық-түліктерді жеткізе алмағанын айтады.
Бұған дейін палестиналық ХАМАС тобымен қақтығысып жүрген Израиль Газа секторына баратын барлық жеткізулерді тоқтатқан. Мамырдан бастап кіруіне рұқсат берді, бірақ белгілі бір шектеулер болды.
Гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, жиналған гуманитарлық көмектің тек жартысы ғана сектордағы тұрғындарға жетеді. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, аштықтан қайтыс болған 111 адамға жеткен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қайтыс болғандардың 21-і бала екенін хабарлады. ВВС жазуынша, аумақтағы 900 мыңнан аса бала аштықтан, тамақ жетіспеуінен зардап шегіп отыр.
Осыған дейін 2026 жылдан бастап Газа секторы тұрғындары Қазақстанға эвакуацияланады деген хабар тараған. Бірақ Сыртқы істер министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарды.