Тағы бір қауіпті аймақ: Таиланд пен Камбоджа арасында атыс болды

Таиланд пен Камбоджа шекарасында атыс болды. Reuters агенттігінше, қақтығыс 24 шілдеде екі ел шекарасындағы Та Моан Тхом храмының жанында болған.
Таиландтағы Сурин провинциясының билігі мәліметінше, Камбоджаның әскері артиллериядан елдімекендерге шабуыл жасап, нәтижесінде екі тұрғын қайтыс болды. Таиланд әскері тағы екі жауынгердің мерт болғанын да хабарлады.
Ал Камбоджаның қорғаныс министрлігінің өкілі Таиланд әскері негізсіз басып кіріп, олар қорғануға мәжбүр болғанбыз деп айтты. Осы шиеленістен кейін Таиланд әскері F-16 жойғыш ұшақтармен Камбоджадағы әскери нысандарды атқылаған.
Шекарадағы қақтығыстар Таиланд 23 шілдеде Камбоджа елшісін елден шығаратынын және өз елшісін Камбоджадан қайтарып алатынын жариялағаннан кейін басталды.
Қазір Таиланд Камбоджамен шекарасын жапқан.
Көршілес екі ел бір ғасырдан астам уақыт бойы 800 шақырымнан асатын құрлық шекарасындағы бірнеше нақты бөлінбеген аумақтың егемендігіне қатысты дауласып келеді. Тараптар Таиланд, Камбоджа және Лаос шекаралары түйісетін жерде орналасқан Изумруд үштағаны (немесе Жасыл үшбұрыш) деп аталатын өңірге байланысты дауласып отыр. 2011 жылы Таиланд пен Камбоджа бір апта бойы бір-бірін артиллериядан атқылады.
Осыған дейін Таиланд Жоғарғы соты премьер-министр Пхэтхонгтхан Чиннаватты қызметтен шеттету жөнінде шешім шығарды. Камбоджаның бұрынғы жетекшісі Хун Сенмен телефон әңгімесінде тай әскерін сынағаны үшін айыптады.