Көк базар жөнделіп, алдына субұрқақ орнатылады

Алматы қаласында туристер жиі баратын орын – Көк базар жөнделеді. Ғимарат алдына субұрқақ орнатылады. Қалалық кеңес жобаны екі ай бұрын мақұлдаған, бірақ Бас жоспар сайтында енді ғана жарияланып отыр.
Алматы қаласының Бас жоспары сайтындағы мәліметке сәйкес, құрылыс кеңесі Көк базарды жөндеу жөніндегі шешімді 23 мамырдағы отырысында мақұлдаған. Алайда ол туралы мәлімет шілде айында ғана жарияланды.

Жобаның басты бетіндегі мәліметке қарағанда, оны Basire Desing компаниясы дайындаған.
Аталған компания Көк базар сәулеті қалай өзгеретінін 28 мамырда Instagram-дағы парағына жариялады. Соған қарағанда, компания жобаны қалалық кеңестен рұқсат алғаннан кейін ғана көпшілікке ұсынған.
Сәулетшілер базар ғимаратының Жібек жолы көшесі жағына қоғамдық орындар орналастыруды көздеп отыр. Мұнда променад, жазғы кафе және субұрқақ салынады. Осының бәрі кезінде болған, бірақ 1990-жылдардың басында оларды қара базар басқан.
«Архитектор Александр Павловтың бастапқы идеясынан шауып алып, 90-жылдары жоғалған элементтерге қайта оралдық», – деп жазды компаниядағылар.
Көк базар – Алматы қаласының ең көне әрі сүйікті орындарының бірі. Ол XIX ғасырдың аяғында жұмыс істей бастаған. Базар ғимараты бірнеше мәрте сүріліп, қайта бой көтерген, талай рет жөнделген.
Базарға қала тұрғындары емес, мегаполис қонақтары жиі барады. Ол блогерлер мен фотографтар жиі баратын орынға айналған. Себебі мұнда көкөніс пен ұлттық тағамдардың түр-түрі бар.