Макрон Францияның бірінші ханымын «еркек» деп атаған блогерді сотқа берді

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның әйелі Брижит блогер Кэндис Оуэнсті сотқа берді. Ол Францияның бірінші ханымын «еркек» деп атаған. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, арыз АҚШ-тағы сотқа сәрсенбі күні түскен. Макрон отбасы Делавэр штатының Жоғарғы сотына шағымданған. Франция президенті мен бірінші ханымы блогерді «адамның ар-ұжданына тиді», фан-базасын толтыру үшін шыли өтірік мәлімет таратты деп айыптаған.
Блогер Оуэнс 72 жастағы Брижит Макронды Жан-Мишель Тронье деген атпен дүниеге келді деген. Жан-Мишель бірінші ханымның ағасының есімі.
«Оуэнс олардың сыртқы келбетін, некесін, достарын, отбасын, жеке өмірін сынап, осының бәрін езіп-жаншу үшін пайдаланды» делінген сотқа түскен арызда.
Оуэнстің өзі сәрсенбідегі подкастында айыптауды жоққа шығарып, өзінің беделін түсіру үшін жасалған әрекет деп бағалаған.
Макрон отбасы блогер айтқан сөзін жоққа шығарудан үш мәрте бас тартқан соң сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
«Біз оған өзінің сөздерінен бас тартуға мүмкіндік бердік, бірақ ол қарсы болды», – дейді Франция президенті мен бірінші ханымы.
Кэндис Оуэнстің Х әлеуметтік желісінде 6,9 млн, ал YouTube-та 4,5 млн оқырманы бар.