Росатом тұрғызып жатқан түрік АЭС-інде жұмысшылар ереуілге шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: akkuyu.com
Аккую – Түркияның алғашқы атом электр станциясы / фото: akkuyu.com

Түркияда Аккую атом электр станциясын (АЭС) тұрғызып жатқан ондаған жұмысшы 23 шілдеде ереуілге шықты. Олар жалақыны төлеуді талап етті. Жоба жетекшісі «Ростатом» айлықтың кешігуін «дос емес елдердің әрекетінен» көрді.

Әлеуметтік желілерде таралған видеоларда түрік жандармының ереуілге шыққан АЭС жұмысшыларын қуып, ұстап жатқанын көруге болады. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, мұнда шамамен 200-ге тарта қазақстандық жұмыс істейді.

Жалақы талап еткен жұмысшылар құрылысты тоқтатып, жолды жапқан. Видеолардың бірінің авторы олар көліктерді өткізбей жатқанын, өтуге талпынған автомобильдерді таспен атқылағанын айтты. Соған байланысты жергілікті полиция ереуілді күшпен тарқатқан. Жандарм водомет қолданған. Жұмысшылар полицияға қарсылық көрсеткен.

Түркияда АЭС салып жатқан «Росатом» компаниясының баспасөз қызметі айлықтың не себепті кешіккенін түсіндірді. Ресейлік компания қаражаттың уақытылы аударылмауын «дос емес елдердің әрекетінен» көрді.

«Бәріміз дос емес елдердің әрекетінен зардап шегіп отырмыз. Олар күмәнді әдістермен Ресейдің алдыңғы қатарлы атом жобаларға кедергі жасап жатыр», – деп жауап берген «Росатом» РБК агенттігіне.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстан үкіметі ел аумағында салынатын екі атом электр станциясының бірін «Росатомға» сеніп тапсырған. Шілде айында «Росатом» Түркияда құрылысы әлі бітпеген АЭС-тің 49% үлесін сатқалы жатқаны мәлім болған.

Түркиядағы алғашқы атом электр станциясы 2026 жылы жұмыс істей бастайды. Оның құрылысына 25 млрд доллар бөлінген.

Сондай-ақ оқыңыз