Қазақстанда кімдерді трендсеттер деп атауға болады?

Жарияланды 24 Шілде 2025 10:01

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазіргі TikTok пен Instagram, түрлі подкаст дүркіреп тұрған заманда трендсеттерлер бағыт беріп, қоғамды алға сүйреп жүр. Түсінуге қиын тақырыпты дұрыстап түсіндіріп береді, бұрын білмеген әсемдікті байқауды үйретеді, тың дүниелерді айтып, көпшіліктің көзін ашады. Өнер, ғылым, технология салаларындағы трендтерді де алғашқылардың бірі болып әкеледі. Осылайша мыңдаған, бәлкім, миллиондаған адамның талғамына, ұстанымына әсер етеді. Әлбетте, оң әсер бергені абзал. Олай болса, бүгінде тренд қалыптастырып, еліміздің мәдени ландшафтысын қалыптастырып жүргендер туралы айтайық. 

Нұрлан Қоянбаев

2,1 млн оқырманы бар

Танылмал продюсер, актер әрі тележүргізуші. Кезінде КВН жұлдызы болған Қоянбаев қазір ұлттық айдентикамен үйлестіре отырып, коммерциялық жобаларды қалай дамытуға болатынын көрсетіп жүр. Оның түсірген фильмдері рекорд көрсеткіштерге ие болды. Ұстанымдары көпке үлгі. Жақында ғана елімізге танымал брендтің амбассадоры атанған оның «жарнаманы қазақша түсіру керек екенін көрсеткім келді» деген ұстанымы халыққа майдай жақты. 

Руслан Меделбек

200 мың оқырманы бар

Медиаэксперт, журналист, тревел-блогер. Азаттықтың Прагадағы редакторы. Журналистика саласындағы қызметінен бөлек, қазір блогын белсенді жүргізеді. 50 ел көрген саяхатшы танымдық reel көп түсіреді. Мысалы адам кіруге болмайтын арал, тасқыннан мықты қорғанатын ел, үш адам тұратын ел дегендей қызық тақырыптарды талдап, көпшілік біле бермейтін фактілерді әдемі жеткізеді.

Оған қоса, видеоларының монтажы, сценариі үнемі ерекше шығатынын атап өту керек. Блогы арқылы жарнамаға ұсыныс алады. Aviasales-ке қазақша материалдар дайындайтын бренд-амбассадорлардың бірі.

Айтым Жакупов

2,2 млн оқырманы бар

Қазақстандағы спорт-блогты дамытып жүрген инфлюенсер. Әсіресе, оның жүргізетін Janamen әлеуметтік жобасын оқырманы TikTok-та жібермей бақылайды.

2017 жылдан бері YouTube-арна жүргізіп, фоллоуерлеріне спорттық форманы ұстап тұруға арналған жаттығуларды көрсетіп келеді. Janamen реалити-шоуында артық салмағы тым көп адамдардың қалай арықтап, нәтиже көрсеткенін тамашалауға болады. Кейбірі 300 кг болып келіп, бір жылда 160 келідей тастап жатыр. Арасында тәртіпке бағына алмай, кері бұрылып кетіп қалғандары да бар. Айтымды салауатты өмір салтының амбассадоры деуге болады.

Әлия Әшім

293 мың оқырманы бар

Бостон университетінің Коммуникация мектебінің магистрі, документалист, журналист әрі блогер. Әлияның түсірген бес сериялық «Қонаев дәуірі» атты деректі фильмін көпшілік жақсы қабылдады. Желтоқсан оқиғасы туралы, орыстандыру саясаты жайлы да түсірген деректі туындылары бар. Жалпы алғанда тәуелсіз Қазақстанда өмірге келген ұрпаққа тарихты түсіндіруді мақсат етеді. Оған қоса, қазақ әйелдерінің рөлі туралы да көп қозғайды. Мысалы қазақтан шыққан тұңғыш феминист-әйел кім дегендей тақырыптарға шолу жасап, тарихи фактілермен бекіте отырып ұсынады.

Арай Әлімхан

206 мың оқырманы бар

Тележүргізуші, инфлюенсер. Арайдың сәнді образдарын көрсетіп, look of the day форматындағы түсіретін видеоларын оқырмандары қатты жақсы көреді. Олай дейтініміз, дәл сол контентінің қаралымы көп, жылы лебізге толы. Әсіресе, қазақша сөйлеп түсірген бейнелерін қарасаңыз, оқырман «сіз арқылы қазақ тілінің әдемілігіне тамсанамыз» деп жатады. Осылайша ол үйлесімді, ерекше стиль арқылы ғана тренд қалыптастырмай, қазақша контенттің өтімді болуына да үлес қосып жүр.

Диас пен Айгерім Камеридан

178 мың оқырманы бар

Unknown Kazakh жобасын ерлі-зайыпты Диас пен Айгерім жүргізеді. Диас 2022 жылы Forbes Kazakhstan-ның «30 under 30» тізіміне қосылды. Орыстілді қазақтарға тарихымызды жеткізумен айналысады. Басында кімнің жүргізетінін білдірмей, жасырын жүргізген. Кейіннен блогтың форматын өзгертіп, ауқымын кеңейткен. Сол кезде көпшіліктің қызығушылы тіпті арта түсті. Қазіргі таңда Диас пен Айгерім Instagram-парақшаға танымдық пост салып қана қоймай, тұрақты түрде іс-шаралар өткізіп тұрады. Қоғамдағы ықпалды адамдардың басын қосып, өзекті тақырыптарға талқы жасайды.     

Айнұр Алдаш

113 мың оқырманы бар

Қазақстандағы балалар психологтары мен нейропсихологтары қауымдастығының президенті. Ланкастер университетінің түлегі. Елімізде алғашқылардың бірі болып нейропсихология бағытын дамытуды қолға алған маман. Соның ішінде дамуы кешеуілдеп жатқан балалар, аутизм, психикалық дамуында тежеуі бар балалар мәселесін нақты ғылымға сүйене отырып шешуге ден қояды. Қазір Айнұрдың ұйымдастыратын практикалық семинарларына қатысып, сертификаты бар маман атанып, кәсіби тәжірибе жинақтап жүрген психолог көбейді. Оған қоса, ата-аналарға үйде балаларымен өздігімен жұмыс істеуге бағыт беретін бірнеше курс жасап шығарды. Осылайша нейропсихолог балалардың ішкі әлемін, сезімін дұрыс түсінудің жолын үйретіп, ата-аналарды тың тәсілдермен таныстырады.   

Роза Әшірбаева

600 мыңнан астам оқырманы бар

Розаны көпшілік «Роза коуч» деген атпен жақсы таниды. Кәсіпкер, маркетиң маманы, пиаршы. Өзін қазақ әйелдерінің үніне теңейді. Феминизм тақырыбын жиі көтереді. Коуч рөлінде түсіретін образы өтімді. Әсіресе, оқырмандарының сұрақтарына бетке айтатын тіке жауаптары пабликтерге жиі таралып, көп талқыланады. Ол әйелдерге зорлық-зомбылыққа шыдамау керегін, тең құқыққа ие болуға ұмтылу керегін айтып отырады.

Фариза Төреәлі

1,1 млн оқырманы бар

Қыздар қауымына арнап блог жүргізетін инфлюенсер. Белгілі әнші Төреғали Төреәлінің туған қарындасы. Отбасылық өмірін лайв форматта көрсете отырып, әйелдерге пайдалы контент ұсынады. Оның өткізетін онлайн-курстарына қатысатын қыздар саны өте көп. Тұрмысқа шықпаған болсын, отбасылы әйелдер болсын жас та болса бас болған Фаризаға еліктеуге тырысады. Фаризаның шығарған жеке күнделігі рекорд таралыммен сатылды. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін шетелде тұратын қазақстандық блогерлер мен жұлдыздар туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз