Жаңалықтар

ІІМ алкоголь өнімдерін сату орындарын шектеуді ұсынды

ІІМ алкоголь өнімдерін сатуға бақылауды күшейтпекші / Фото: shutterstocк

Қазақстанда алкоголь сату тек жұмыс уақыты шектеулі арнайы дүкендерде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтты.

Сәденов маскүнемдік мәселесін шешу кешенді тәсілді қажет етеді деп санайды. Келтірген мәліметке сенсек, лицензиясынан айырылған кейбір кәсіпкерлер спирттік ішімдікті үшінші тұлғалар арқылы немесе тәулік бойы істейтін барлардың атын жамылып сатуды жалғастырып жатыр.

Ведомство дерегі бойынша, алкоголь айналымы саласындағы 7 мың құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 370 млн теңге айыппұл салынған, 2 252 кәсіпкер лицензиясынан айырылған.

«Қоғамдық орындарда алкоголь ішуге қатысты 107 мың құқықбұзушылықтың жолы кесілді. 11 мың адамға алкоголь қолдануға тыйым салынды. Қоғамда ішімдікке төзбеуді қалыптастыруға жұртшылық тартылуда. Қазіргі таңда 402 елді мекен алкогольден бас тартты», – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Отырыста келесі ұсыныстар айтылды:

  • рұқсат беру талаптарын қатаңдату; 
  • алкоголь өнімін тек жұмыс тәртібі шектеулі арнайы дүкендерде сату мәселесін қарастыру.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі ең көп ішімдік тұтынатын елдердің ішінде 38-орында тұр.

Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәтті сусындар алкоголь және темекі өнімдерінің бағасын 2035 жылға дейін 50%-ға көтеруге шақырды. Осы шешімнің арқасында қант диабеті, жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға болады деп санайды.