Трамптың саясаты Tesla-ны қиын жағдайға әкелуі мүмкін – Илон Маск

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Илон Маск Tesla-ның табысы төмендеуі мүмкін деген болжам жасады / Фото: kursiv.media архиві

АҚШ-тың Tesla компаниясы алдағы уақытта біршама қиындықтарға тап болуы мүмкін. Оған елдегі электромобильдерге берілетін мемлекеттік қолдаудың тоқтатылуы себеп. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Илон Маск инвесторлармен өткен жиын барысында мәлімдеді.

«Бұл алдағы бірнеше тоқсан біз үшін қиын болатынын білдіреді, қиындықтар күтіп тұрғаны анық», – деді Маск жағдайға қатысты пікір білдіре отырып.

Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған субсидияларды алып тастау, сондай-ақ автопилот технологиясын енгізудің ұзақ процесі компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етеді. Масктың болжамынша, Tesla компаниясы тек 2026 жылдың соңына қарай ғана «сенімді» нәтижелерге қайта қол жеткізе алады.

Илон Масктың мәлімдемесінен кейін Tesla акциялары 23 шілде күні Нью-Йорк қор биржасындағы сауда кезінде 5,3%-ға арзандады. Жалпы, жыл басынан бері компания акциялары 18%-ға құнсызданған.

Компания бір акцияға шаққандағы пайдасын 0,40 долларға дейін төмендетті, ал бұл сарапшылардың бұған дейін төмендетілген болжамдарынан да аз болды. Ал табыс көлемі 12%-ға қысқарып, 22,5 миллиард долларға жетті. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең үлкен құлдырау.

Оған себеп ретінде жеткізілім көлемінің азаюы, электромобильдердің орташа бағасының төмендеуі, сондай-ақ энергия өндіру мен сақтау сияқты қосымша бағыттардағы кірістің қысқаруы аталды.

 Сонымен қатар Tesla кедендік алымдардың артқанын хабарлады, олар шамамен 300 млн долларға көбейген. Bloomberg-тің бағалауынша, бұл қысым алдағы тоқсандарда да жалғасады.

Бұл жағдай Илон Маск пен Дональд Трамп арасындағы жанжалмен тұспа-тұс келді. Мамырда Маск мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін Трамп ұсынған салықтық жеңілдіктер туралы заң жобасын сынға алған болатын. Трамп оны «Өте керемет заң» деп атаған. Осыдан кейін екі тарап арасында ашық пікірталас басталды.

 Ал Илон Маск «Америка» атты өз саяси партиясын құратынын мәлімдегеннен кейін бірден Tesla акциялары 6,8%-ға төмендеді. Бұған дейін Reuters агенттігі хабарлағандай, инвесторлар бұл қадамды Масктың назарын бизнесінен саясатқа қайта бұрғанының белгісі ретінде қабылдады.

Алты ай бойы Tesla автокөліктерінің саудасы төмендеп жатыр. Екінші тоқсанда жарияланған қаржылай есепке сүйенсек, компания машина жеткізуді 13%-ға азайтқан. Бұл соңғы жылдардағы ең сәтсіз қаржылай есеп болды 

Қазіргі таңда Илон Маск әлемдегі ең бай адам рейтінгінде орнын сақтап тұр.  Bloomberg оның байлығын 373 млрд долларға, ал Forbes 414,9 млрд долларға бағалап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз