Freedom, Kaspi және басқа банктер «BIG Шанхайдағы» кәсіпкерлердің несиесін шегереді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Кәсіпкерлердің несиесі кейінге шегеріледі / Фото: ТЖМ

Астанадағы «BIG Шанхай» сауда үйіндегі өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесі жарты жылға шегеріледі.

Ведомствоаралық отырысқа қатысқан «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен екінші деңгейлі банктердің, атап айтқанда Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит, ForteBank, Freedom Bank өкілдері зардап шеккен клиенттерге несиелік төлемдерді кемінде 6 айға шегере тұруға дайын екендіктерін жеткізді. Әрбір өтініш жеке тәртіппен, нақты жағдайларға сүйене отырып қаралатын болады.

Сонымен қатар, егер отбасының жалғыз табыс көзі осы бизнес болса, кәсіпкерлердің жұбайларына да жеке шегерім беру мәселесі қарастырылады.

Алдын ала деректер бойынша өрт салдарынан 260-тан астам кәсіпкер зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 11 миллиард теңгеден асады. Қазіргі таңда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті банкпен келіссөз жүргізу үшін қажет төтенше жағдай туралы ресми анықтамаларды беруді бастап кетті.

Еске салайық, 18 шілде күні «BIG Шанхай» сауда үйі өртке оранды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 30,1 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Ал сауда үйінің жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың бір бөлігі қираған.

Бутиктерді жалға алып, өрт кезінде тауарынан айырылған кәсіпкерлер салықтан босатуды сұраған. Алайда Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі олар салық төлеуден толық босатылмайтынын, бірақ үш жыл ішінде бөліп төлеуге және салық төлеуді кейінге шегеруге мүмкіндік берілетінін түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз