Астанада түнгі уақытта шулағандар 590 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін

Астанада енді сағат 22:00-ден кейін қатты музыка, айқай немесе басқа да шулы әрекеттер орын алса, айыппұл салынады.
Елорда полицейлері түнгі уақытта тыныштықты бұзғандарды анықтау мақсатында рейд жүргізіп жатыр. Полиция департаментінің өкілдері бұл шаралар қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқанын айтады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзудың 25 мыңнан астам дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі тұрғындардың шағымдары негізінде анықталған.
«Соңғы оқиғалардың бірі – елорданың Алматы ауданында тіркелді. Түнгі сағат 01:30 шамасында ауланың ішінде көліктен қатты музыка ойнап тұрғанын көрген тұрғындар полицияға шағымданды. Патрульдік қызметкерлер келіп, жүргізуші мен жолаушыға ескерту жасады. Ал қаланың екінші шетінде бір ер адам сағат 23:00-ден кейін жөндеу жұмыстарын бастаған, тіпті дрель қолданған. Көршілерінің ескертуін елемеген. Нәтижесінде оған хаттама толтырылып, айыппұл салынды»,– деп хабарлады Polisia.kz.
Қай уақытта шулауға болмайды:
- Апта ішінде – 22:00-ден 09:00-ге дейін
- Демалыс және мереке күндері – 23:00-тен 10:00-ге дейін
Тыныштықты бұзғандар қанша айыппұл арқалауы мүмкін:
Бірінші рет болса:
- Жеке тұлға – 19 660 теңге
- Шағын бизнес – 78 640 теңге
- Орта бизнес – 117 960 теңге
- Ірі бизнес – 393 200 теңге
Қайталанса (бір жыл ішінде):
- Жеке тұлға – 39 320 теңге
- Шағын бизнес – 157 280 теңге
- Орта бизнес – 235 920 теңге
- Ірі бизнес – 589 800 теңге
Көршілер шуласа, не істеу керек? Жеке сектордағы тыныштық ережесі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға қатысты ақпараттарды сілтемедегі материалдан танысып біле аласыз.