
Жаркентте қаза тапқан әскери капитан Дархан Дәулеттің қарындасы Тоғжан Дәулет сот үкіміне келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қылмыстық істегі үш сарбаз аз жылға сотталды.
Айта кетейік, ісі бойынша сот үкімі 2025 жылдың 24 шілдесінде шықты.
Майор Дархан Қазтай түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол майор шенінен айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Сарбаз Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 12 жылға, Нұрман Әбсадық 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал сотталған Дархан Қазтайдың анасы сот үкіміне келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Істің мән-жайы
Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркент әскери гарнизонына инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.
Іс бойынша 4 адам сотқа тартылды: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.
Талап арыз ішінара қанағаттандырылды
Судья Еркін Шәріпбеков шығарған үкімге сәйкес, марқұмның анасы Назгүл Дошибекованың сотталушылардан 100 млн теңге өндіру туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Осылайша марқұмның анасының пайдасына Қазтайдан 6 млн теңге, Рустамұлы мен Шакирден 5 млн теңгеден, Әбсадықтан 4 млн теңге өндірілетін болды.