Қаскелең тұрғыны өзін әкімдік қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтық жасаған

Алматы облысында Қаскелең қаласының 47 жастағы тұрғынына сот үкімі шықты. Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияның мәліметінше, ер адам өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырған. Осылайша азаматтарға жағдайы төмен отбасыларға арналған мемлекеттік ипотекалық бағдарлама арқылы баспана рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген. Ол пәтерді төмен пайызбен екі-үш ай ішінде алып беремін деп сендірген.
Алаяқтық жолмен ол 47 азаматтың ақшасын иемденген. Алайда бірнеше ай өткен соң пәтер алып бере алмаған, содан кейін азаматтар полицияға жүгінген.
Жалпы шығын көлемі 110 миллион теңгені құрады. Полиция ер адамның жоғары білімі бар екенін, алайда еш жерде жұмыс істемейтініне де назар аударған.
Тергеу барысында жеткілікті дәлелдер жиналды. Сот ер адамды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол жәбірленушілерге сотқа дейін қайтарылмаған 75 миллион теңгені өтеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттелді.