Бектенов көрші елдерді Каспийді құтқару үшін бірігуге шақырды

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Каспий маңы елдерін Каспийдің таяздануына қарсы күресте ынтымақтастыққа шақырды.
Бұл туралы Халықаралық экологиялық конференцияда айтылды.
Жиында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне назар аударып, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы аймақтық өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін айтты.
«2000 жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет», – деді премьер-министр.
Бектенов Арал маңындағы жағдайға да назар аударған. Қазір Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады.
Қазір Көкарал бөгеті нығайтылып жатыр, Сырдария сағасы қайта қалпына келтіріліп, балық саласын қолдау және бұрынғы теңіздің кеуіп қалған түбін көгалдандыру бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Бұған дейін Ақтау әкімдігі Каспийдің жағалауынан кәсіпкерге жер учаскесін заңсыз бергені айтылды.