Перизат Қайратқа сот үкімі шықты

Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Сондай-ақ сотталған 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражатын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Қылмыстық істі судья Сабыржан Кәрімов қарады. Сот үкімі күшіне енген жоқ. Сотталғандар үкімге апелляциялық шағым түсіре алады.
Прокурор Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Прокурорлар қылмыстық істе жазаны жеңілдететін мән-жайлар жоқ екенін айтты. Керісінше, әрекет төтенше жағдай кезінде жасалғанын айтып, мұны жазаны ауырлататын жағдай деп атаған.
Перизат Кайрат қылмыстық кодекстіғ 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – «Алаяқтық», 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы – «Аса ірі көлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 10 жылға сотталды.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, қорды құру кезінде де заңбұзушылықтар болған. Қазақстанның «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңының 10-бабына сәйкес, қорды тіркеу үшін кемінде үш азаматтың бастамасы қажет. 2021 жылғы 14 қыркүйекте Перизат Қайрат құрылтай жиналысының хаттамасын дайындаған. Онда ол өзін, сондай-ақ Матюшенко, Мағзұм, Тұрғанбай, Аманбай, Болысов, Хисматулинов, Серікжанов, Сеиткамал және Хафизді құрылтайшы ретінде көрсеткен. Жиналыста жарғы қабылданып, басқару органдары құрылып, Қайрат президент болып сайланған. Алайда айыптау актісіне сәйкес, жиналыс төрағасы мен хатшысы ретінде көрсетілген Матюшенко мен Серікжанованың, сондай-ақ басқа құрылтайшылардың қолдары қолдан жасалған.
Сондай-ақ Қайраттың бастамасымен палестиналықтарға көмек ретінде 566 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналған. Алайда оның тек 7 миллион теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Қалған 559 миллион теңге Перизат Қайрат пен анасы Алашбаева тарапынан өз қалауынша жұмсалған.