Аружан Саин балалар үйін көшіруге негіз болған қорытындыға күмән келтірді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Аружан Саин балалар үйін көшіруге негіз болған қорытындыға күмән келтірді
Аружан Саин балалар үйін көшіруге негіз болған қорытындыға күмән келтірді/Фото: ҚМА

Қоғамдық белсенді Аружан Саин Бағанашылдағы балалар үйін тұруға жарамсыз деп тапқан қорытындыға қатысты қабыспайтын нәрселер көп екенін мәлімдеді.

Күмәнді қорытынды негізінде көшіру

Белсенді балаларды Бағанашылдан Қонаевқа көшірудің ресми негізі ретінде 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС берген техникалық қорытынды көрсетілгенін атап өтіп, құжатта Алматы облыстық №1 балалар үйінің ғимараты «пайдалануға жарамсыз» деп танылғанына назар аударған.

Аты өзгерген мекеме

Ол Алматы облысының әкімдігі қорытындының өзін емес, тек титулдық бетін көрсеткенін, ал онда тапсырыс беруші ретінде «Алматы облыстық №1 балалар үйі» МКҚК көрсетілгенін айтады. Бірақ ресми деректерге сүйенсек, мұндай мекеме 2022 жылдың сәуір айынан бастап жоқ.

«Мұндай заңды тұлға 2022 жылдың сәуір айынан бері ЖОҚ! Мұндай мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ешқашан болмаған. 2022 жылғы 12 сәуірде шыққан №104 қаулыға сәйкес, Алматы облысы әкімдігінің «Алматы облыстық №1 балалар үйі» КММ-і «Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау облыстық орталығы» деп қайта аталған. 2024 жылғы 23 қаңтардағы №22 қаулы бойынша бұл мекеме «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау өңірлік орталығы» деп қайта аталды. Қазіргі кезде және 2024 жылы да балалар үйі дәл осылай аталады. Сол кезде «Астанақұрылыссервис» ЖШС ғимаратты тексеріп, өздерінің «техникалық қорытындысын» жасаған. Одан бөлек, бұл мекеменің Алматы қаласы Білім басқармасына еш қатысы жоқ. Тіпті Алматыда мұндай атауда мекеме де жоқ. Балалар үйі Алматы облысы Білім басқармасына қарайды», – дейді белсенді.

Жауап берілуге тиіс сан сауал

Осыған байланысты Аружан Саин төмендегідей сұрақтар қояды:

  • 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС нақты қандай нысанды тексерді?
  • Олар бұл жұмысты Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты мекеменің тапсырысымен жасалды деп неге көрсеткен?
  • Ең бастысы – мемлекеттік сатып алу сайтында бұл ЖШС-мен жасалған келісімшарт та, тендер де жоқ. Сонда, бұл ауқымды жұмысты «Астанақұрылыссервис» тегін істеді ме?
  • Ол жұмыстардың ішінде өте қымбат зерттеулер, күрделі есептеулер бар, оларды, әдетте, мамандандырылған ұйымдар ғана жүргізе алады. Әлде олар мүлде жүргізілмеді ме?
  • Бұл қорытынды қандай негізде жасалған сонда?
  • Осындай «ұсақ-түйекті» Алматы облысының әкімі мен оның орынбасарлары ресми құжаттан байқамағаны қалай?

Белсенді «қорытынды» мен «сараптаманың» мазмұны титулдық беттегі мәлімет секілді ойдан құрастырылған болуы мүмкін деген күдігін жеткізген.

«Жаңа ғимарат салғанша, ескісін жөндеген жөн болар ма еді»

Саиннің айтуынша, «Астанақұрылыссервис» ЖШС-нің қорытындысы балаларды көшіруге және Қонаев қаласында инвестор есебінен жаңа ғимарат салуға негіз болған. Жобаның алдын ала құны – шамамен 4 миллиард теңге.

«Мүмкін, балалар үйінің өз жеріндегі ғимаратты әлдеқайда аз қаражатқа жөндеген дұрыс болар ма еді? Себебі 4 миллиардқа тек ғимаратты емес, балалар үйінің саяжайын да жаңартуға болар еді. Біз ресми шағымдар мен сұраулар жолдаған уәкілетті мемлекеттік органдардан жауапты асыға күтеміз», – деп түйіндеді жазбасын Саин.

Еске салайық, 21 шілдеде Алматы облысының әкімдігі Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Қонаевтағы жаңа ғимаратқа күштеп көшіруге тырысқан. Балалар бұған қарсы шығып, ортада жанжал болды

Осыдан кейін президент Тоқаев балалар үйі көшірілмейді деген тапсырма беріп, жағдайды Президент Әкімшілігі өкілдері тексеретін болып шешілді.

Болған жағдайдан кейін депутат Бақытжан Базарбек Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев отставкаға кетуі керек деп мәлімдеген.

Жалпы балалар үйінің айналасындағы даулы жағдай биылғы наурыз айында басталған. Орталық тәрбиеленушілері өздерін Алматының баспанасынан шығарып, Қонаевқа көшіргелі жатқанына қарсылық білдіріп, желіде үндеу жолдаған.

Артынша, мәселе Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Алматы облысының әкімдігі деңгейінде шешімін тауып, балалар ешқайда көшірілмейтіні хабарланған.

Ал мамыр айында қоғамдық белсенді Юлия Нестерова тәрбиеленушілерге қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенетінін жеткізген. Алайда орталық басшылығы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданғанын, белсендінің күдігі орынсыз екенін айтқан. Білім басқармасы Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады

10 шілдеде тәрбиеленушілер Қонаевқа көшірілгелі жатқаны белгілі болды. Алматы облысының Білім басқармасы мұны орталық ғимаратының апаттық жағдайда екенімен байланыстырған.

Сондай-ақ оқыңыз