Алматыда полицейлер қызметтік көлікте әйелді босандырып алған

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Алматыда полицейлер қызметтік көлікте әйелді босандырып алған
Алматыда полицейлер қызметтік көлікте әйелді босандырып алған/Фото видео кадры/ПД

Алматыда «Буран-205» экипажының полиция қызметкерлері перзентханаға үлгермеген әйелді босандырып алған. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы

Қызметтік кезекшілік барысында патрульдік экипажға бірнеше әйел көмек сұрап жүгінген. Олар жүктіліктің соңғы кезеңіндегі көршісінің жағдайы күрт нашарлағанын айтқан. Полицейлер жедел жәрдемді күтпей әйелді қызметтік көлікке отырғызып, жақын маңдағы перзентханаға қарай бет алады. Алайда жолда әйелдің толғағы басталды. Полицейлер өз бетімен әрекет етуге бел буып, нәтижесінде патрульдік көліктің ішінде ұл бала дүниеге келген. Осыдан кейін ана мен нәресте келген дәрігерлерге тапсырылған.

«Барлығы өте тез болды»

«Біз жақын маңдағы ауруханаға баруды жоспарладық. Бірақ бір сәтте толғақ басталды. Әрине, уайымдадық, бірақ дүрбелеңге уақыт болмады. Оны қолдап, сабырлық сақтауға тырыстық. Шынымды айтсам, эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деген Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ППП инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Сағынбаев.

«Біз дәрігер емеспіз, бірақ жай ғана көмектесуіміз керек екенін түсіндік. Барлығы өте тез болды. Әйел батылдық танытты. Мұндай сәттерде полиция қызметі – тек тәртіп сақтау емес, күтпеген жағдайда көмек көрсету екенін түсінесің», – деді оқиға туралы Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ППП инспекторы, полиция аға лейтенанты Бекжан Әлкен.

Полиция мәліметінше, ана мен баланың жағдайы жақсы. Жақын арада сәбилі болған отбасын полицейлер құттықтап бармақ

Бұған дейін, полиция қызметкері жоғары жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан ұрының беліне жармасып, қанша жерге сүйрегеніне қарамастан, қашып кетуіне жол бермей, ұрыны ұстап алғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз