105 адамды алдады деген күдікпен іздеуде жүрген азамат Мысырдан экстрадицияланды

Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Мысыр астанасы Каир қаласында халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық азамат ұсталды.
Оны криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласына жеткізген.
2023 жылы ер адам басқа адамдармен сөз байласып, жәбірленушілердің атына автокөліктерді несиеге рәсімдеп, кейін оларды үшінші тұлғаларға сатқан деп айыпталып отыр. Оның осы әрекетіне қатысты полицияға 105 адам арызданған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің төмендегідей баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған:
- 190-баптың 4-бөлігі – аса ірі көлемде жасалған алаяқтық;
- 262-баптың 1-бөлігі – ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу;
- 217-баптың 1-бөлігі – қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету.
Ішкі істер министрлігі тергеу амалдары жалғасып жатқанын жеткізді.
Бұған дейін, Lenovo директорының қазасына күдіктінің бірі Әзербайжаннан экстрадицияланғанын жазғанбыз.