Жұбаныш Жексенұлы әуежайда әйел адамды балағаттағаны үшін айыппұл арқалады

Әнші Жұбаныш Жексенұлы Астана әуежайында әйел адаммен жанжалдасып, оны балағаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Істі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық бабы бойынша (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) қараған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 шілде сағат 00.30 шамасында Астана қаласының халықаралық әуежайында әнші мас күйде әйел адамға балағат сөздер айтып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзған.
Сот отырысы барысында ол құқық бұзушылық жасағанын мойындап, сол сәтте эмоционалдық күйде болғанын, істеген ісіне өкінетінін жеткізіп, кешірім сұраған.
Судья әншінің кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін ескеріп, 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарған. Бұл бап бойынша әнші 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы да мүмкін еді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Ара-тұра өнер адамдары алкогольдік суcынның ықпалымен түрлі ыңғайсыз жағдайларға тап болып жатады. Ақпан айында әнші Алмас Кішкенбаев кәмелетке толмаған жасөспірімге тиіскені үшін кінәлі деп танынып, 15 тәулік әкімшілік қамауда болып шыққан.