Теңге тағы құнсызданды: айырбастау пункттерінде доллар 547 теңгеден сатылып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Долдар бағасы 547 теңгеден сатылып жатыр / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтап Зиперов

25 шілдеде Қазақстан қор биржасында (KASE) теңге бағамы тағы да әлсіреп, 1 доллар 545.07 теңгеге дейін қымбаттады.

Соған сәйкес, Алматы мен Астанадағы айырбастау пункттерінде де доллар бағамы өсті. Kurs.kz мәліметі бойынша, Астанада айырбастау пункттері станада долларды 539-540 теңгеден сатып алып, 546-547 теңгеден сатып жатыр. Ал Алматыда сатып алу бағасы 544–545 теңге болса, сату бағасы 546 теңгеден басталады.

Бұған дейін, 24 шілдеде, биржадағы орташа өлшемді курс 542,08 тг болып, күн соңында доллар 543,55 теңге деңгейінде жабылды. Бұл – ұлттық валютаның жаңа тарихи минимумы. Теңге бағамы 10 шілдеден бері күрт құлдырай бастады.

Сарапшылар не дейді?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банкке валюта нарығында интервенция жүргізуді ұсынды. Қауымдастық пікірінше, қазіргі теңге әлсіреуінің фундаменталды экономикалық негізі жоқ, бұл нарықтағы алыпсатарлық әрекеттердің белгісі болуы мүмкін.

Қаржыгерлер теңгенің негізсіз әлсіреуі валюта нарығында тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін айтады. Бұл – белгілі бір экономикалық субъектілердің қысқа мерзімді қызығушылығынан туындауы ықтимал, және мұндай сұраныс өтелген соң кері қозғалыс байқалуы ғажап емес.

Мұнай бағасы мен бюджет әсері

Ал мұнай нарығының сарапшысы Олжас Байдилдинов шілде айындағы теңге әлсіреуін мұнай бағасының төмендеуі және республикалық бюджеттің теңгедегі кірісінің қысқаруымен байланыстырады.

Ол сәуір айында бюджет мұнайдың бір барреліне 75 доллар және 1 доллар 470 т бағамымен есептелгенін, егер мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы $65 шамасында сақталса, жазда доллар 542 теңгеден асуы мүмкін екенін жазған.

Экономист Владислав Туркин халықтың артық валюта сұранысы теңге бағамына қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Оның пікірінше, Ұлттық банк интервенция жасаса да, оны алдымен алыпсатарлар сатып алып, кейін сол валютаны халыққа қайта қымбатқа сатады.

Сондықтан, Туркин валюта қозғалысына толық тосқауыл қою емес, тек бағаның күнделікті күрт секірулерін жұмсартуды, қажет болса, ақша-кредит саясатын қатайтып, халықпен түсінікті ашық коммуникация жүргізуді ұсынады.

Балама нұсқа ретінде сарапшы экспорттаушыларға шетел валютасын міндетті сатуды арттыру шарасы қабылдануы мүмкін екенін де айтады. Алайда бұл тек уақытша шара болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз