Ұлттық банк нарыққа араласып интервенция жасай ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ұлттық банк
Ұлтттық банк нарыққа араласуы мүмкін / Shutterstock

Теңгенің күрт әлсіреуіне байланысты Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шараларға баруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Капитал» басылымына Үлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтқан.

Қаржы реттеуші нарықта алыпсатарлық байқалса, интервенциясын жүргізу арқылы теңгенің шамадан тыс құнсыздануына жол бермейтінін атап өтті.

Нарыққа бақылау күшейтілді

Ұлттық банк Қазақстан қор биржасындағы (KASE) және банкаралық нарықтағы операцияларды жіті бақылап отыр. Егер нарықта алыпсатарлық әрекеттер байқалып, яғни кейбір ойыншылар теңгенің бағамын пайдаланып табыс табуға тырысса, Ұлттық банк валюта сату арқылы нарыққа араласуға ниетті.

Резерв жеткілікті

Қаржы реттеушінің айтуынша, қазір елдің халықаралық резерві 52,2 млрд долларды құрайды. Бұл көлем валюта нарығындағы кез келген қысымды азайтуға жеткілікті. Яғни, Ұлттық банк қажет болған жағдайда доллар сатып, теңгеге сұранысты арттыра алады. Бұл ұлттық валютаның нығаюына ықпал етеді.

Квазимемлекеттік сектор көмектеседі

Сонымен қатар, Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор субъектілерімен тығыз жұмыс істеуде. Бұл – «Самұрық-Қазына» қоры немесе ұлттық компаниялар сияқты мемлекеттік қатысы бар ірі ұйымдар.

Қазір олар шетел валютасын сату көлемін арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Таяу уақытта осы сектордағы бір компания шетелдік инвесторлардан алған қарыз қаражаттың бір бөлігін (шетел валютасын) нарықта сатпақ. Бұл да теңге ұсынысын арттырып, валюта нарығындағы тепе-теңдікке оң әсер етуі тиіс.

Бұған дейін Әлия Молдабекова теңге бағамының ауытқуына экономикалық негіз жоқ екенін атап өткен. Мұндай жағдайда нарықтың өзі түзету енгізіп, бағам біртіндеп тұрақталады деп сенген.

Бірақ 25 шілдеде доллардың ресми бағамы алғаш рет 545 теңгеге жақындады. . Осылайша ұлттық валюта тағы да қолайсыз рекорд орнатты. Бұл уақытта валюта айырбастау мекемелерінде доллар 547-548 теңгеден сатылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз