Электрокар дәуірі: Еуропа жанармаймен жүретін көліктерден толық бас тартпақ

Жарияланды
Еурокомиссияның жаңа бастамасы электрокар өндірісін арттыра ма? / Фото: коллаж kursiv.media

2030 жылдан бастап Еуроодақ аумағында автокөлік жалдау компанияларына бензин мен дизельмен жүретін көліктерді сатып алуға тыйым салынуы мүмкін. Еурокомиссия осыған қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл Еуропада көлік секторын электрлендірудің шешуші кезеңіне айналуы ықтимал.

Іштен жанатын қозғалтқыштарға тағы бір соққы

Немістің Bild басылымының хабарлауынша, Еурокомиссия (ЕК) 2030 жылдан бастап ЕО елдеріндегі автокөлік жалдау компанияларына іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерді сатып алуға тыйым салатын жаңа ережені әзірлеуде. Комиссия өкілдері бұл заң жобасының дайындалып жатқанын растады, бірақ нақты егжей-тегжейін әлі жария еткен жоқ.

Құжат 2025 жылдың жаз соңына дейін ұсынылады деп күтілуде. Одан кейін жоба Еуропарламент талқысына жолданады. Егер ол қабылданса, бұл өзгерістер халықаралық жалдау желілерінен бастап шағын жергілікті компанияларға дейін – барлық автокөлік жалдау операторларына әсер етеді.

Неліктен дәл осы сектор таңдалды?

Бұл шешім көлік саласындағы эко бастамаларды жеделдетуге бағытталған. Автокөлік жалдау компаниялары жыл сайын ондаған, кейде жүздеген мың жаңа көлік сатып алады. Бұл нарықтағы сұраныстың елеулі бөлігі. Сонымен қатар, олардың автопаркі үнемі жаңартылып отырады, яғни олар реттеушілік өзгерістерге тез бейімделе алатын икемді сегмент саналады.

ЕО мұндай компанияларды өзгерістердің қозғаушы күші ретінде қарастырады: көлікті жалға беру секторы электромобильге көшкен жағдайда, бұл зарядтау инфрақұрылымының дамуына, электр көліктеріне сұраныстың артуына және дәстүрлі көліктерден бас тартуды қоғамдық деңгейде де жеделдетуге ықпал етеді.

Еуропа бензиннен қалай бас тартпақ?

Бұл ұсыныс – Еуроодақтың дәстүрлі көліктерден бас тарту жөніндегі алғашқы әрекеті емес. Бұған дейін қабылданған және ұсынылған бастамалар:

  • 2035 жылдан бастап ЕО аумағында жаңа бензинмен жүретін көліктерді сатуға тыйым салынады (тек кейбір бейтарап отын түрлеріне рұқсат берілуі мүмкін).
  • Париж, Осло және Амстердам сияқты бірнеше ел астаналарында 2030 жылдардың басынан бастап бензин және дизельмен жүретін көліктердің орталыққа кіруіне тыйым салу жоспарланған.
  • Қазірдің өзінде көптеген ЕО елдерінде электромобильдер мен гибридтерді сатып алуға арналған салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар бар.

Бизнеске әсері

1. «Электрленген» автопарктерді қалыптастыру. Электромобильге көшу көлікті жалға беру компанияларынан бизнес-модельдерін түбегейлі қайта қарауды талап етеді – пайдалану мерзімінен бастап, зарядтау мен техникалық қызмет көрсетуге дейін.

2. Бастапқы шығындардың артуы. Электромобильдер пайдалануда арзан болғанымен, сатып алу бағасы әлі де жоғары. Бұл жаңа автопарктерді жинақтау кезінде бизнеске қосымша қаржылық салмақ түсіреді.

3. Зарядтау инфрақұрылымы қажет. Компаниялар өздерінің жеке зарядтау желісін дамытуы не арнайы серіктестіктер орнатуы қажет. Әсіресе әуежай, вокзал және туристік аймақтарда бұл өзекті.

4. Цифрлық шешімдерге талап жоғары. Электромобильдер заряд деңгейін бақылау, маршрут құру, зарядтау пункттерін брондау сынды жаңа IT-әлеуетті қажет етеді. Бұл қолданбалар мен онлайн жүйелерді жаңғыртуды талап ететін қадам.

Ал тұтынушылар не дейді?

Тұтынушылардың көпшілігі электромобильдерге аса сеніммен қарай қоймайды. Ең жиі қойылатын сұрақтар:

  • Көлікті қайда зарядтаймын?
  • Ұзақ жолға батарея жетеді ме?
  • Зарядтау қанша уақыт алады?

Алайда жағдай жылдам өзгеріп келеді. Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының (ACEA) деректеріне сәйкес, 2024 жылы ЕО-да жаңа тіркелген автокөліктердің 14%-дан астамын электромобильдер құрады. Қала ішіндегі қысқа сапарлар үшін тұтынушылар электромобильді жиі таңдай бастады.

Нарық ойыншылары не дейді?

Ірі автокөлік жалдау компаниялары электромобильге көшуді қазірдің өзінде бастап кеткен:

  • Hertz Tesla-дан 100 000 электромобиль сатып алуға келісім жасап, автопаркін біртіндеп жаңартып жатыр.
  • Sixt 2030 жылға қарай автопаркінің кемінде 90%-ын электромобильдер мен гибридтерге ауыстыруды жоспарлап қойған.
  • Europcar өз стратегиясын EV бағытына бұрып, электрокөліктерге арналған жалдау сервистерін сынақтан өткізуге кірісіп кетті.

Дегенмен, аталған компаниялар алаңдаушылық білдіріп отыр: ЕО елдерінің инфрақұрылымдық дайындығы бірдей емес. Германия немесе Нидерланд сияқты елдерде зарядтау станциялары жеткілікті болса, Болгария немесе Румыния сияқты елдерде бұл әлі даму сатысында. Осыған байланысты бірыңғай ереже шығындардың тең емес бөлінуіне және Шығыс Еуропада қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Климатқа әсері қандай?

ЕО 2050 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізуді көздейді. Ал көлік секторы – басты нысан. Еуропалық қоршаған орта агенттігінің мәліметі бойынша ЕО-дағы барлық шығарындылардың 23%-ы көлік саласына тиесілі.

Егер заң қабылданатын болса, 2030 жылдан бастап Еуропада бензинмен жүретін көлік жалға берілмейді. Бұл туристерге де жаңа шындыққа бейімделуді талап етеді: экологиялық, дыбыссыз, бірақ әлі де үйреншікті емес электрокөлік дәуірі басталады.

Еске сала кетсек, бұған дейін гибрид, жанармай немесе дизель отынымен жүретін көліктер туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз