Қазақстан экспорты 5 айда 3 млрд долларға қысқарды

2025 жылдың бес айында Қазақстан шетелге 29,8 млрд доллардың тауарын сатты. Бұл – 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 млрд долларға аз. Яғни, елдің экспорттан түсетін табысы 9,2%-ға қысқарған. Бүл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметін негізге ала отырып Finprom.kz жазады.
Экспорттың азаюына не себеп болды?
Қазақстан экспортының басым бөлігі әлі де шикізат тауарлары: мұнай, газ, металл, уран сияқты ресурстарға тәуелді. Сондықтан осы сектордағы аздаған ауытқудың өзі елдің экспорттана алатын табысына бірден әсер етеді.
Мұнаймен қатар басқа да шикізат тауарлардың экспорты айтарлықтай төмендеді. Мысалы, рафинирленген мыс экспортының көлемі 20,6%-ға, ал мыс кендері мен концентраттарының сыртықы 26,8%-ға азайған. Сонымен бірге, темір рудасы 16,4%-ға, алюминий – 10,4%-ға, ал уран экспорты 24,2%-ға қысқарған.
Осының нәтижесінде Қазақстан энергетика және басқа да шикізат тауарлардан бар болғаны 16,9 млрд доллар табыс тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,6%-ға аз.
Экспорттық төмендеуі шикізат секторында ғана емес, өңдеу өнеркәсібінде де байқалды. Мәселен, металлургия саласының экспорты 6,5%-ға, химия өнеркәсібі – 17,7%-ға, ал машина жасау өнімдері – 21,7%-ға қысқарған. Сарапшылар мұны жаһандық нарықтағы сұраныстың әлсіреуімен және жалпы экономикалық ахуалдың өзгеруімен байланыстырады.
Дегенмен, экспортта өсім көрсеткен бағыттар да бар. Атап айтқанда, ферроқорытпалар экспорты 8,1%-ға, бидай мен меслин жеткізілімі 58,3%-ға, ал темірден жасалған прокат көлемі 13,1%-ға артқан.
Бұдан бөлек, ерекше өнім ретінде ядролық энергетикада қолданылатын жылу бөлетін жинақтардың (ТВЭЛ) экспорты екі есе ұлғайды. Бұл жоғары технологиялы өнім Қазақстанда, Өскемен қаласындағы қазақстан-қытай бірлескен зауытында жасалады және тек Қытай нарығына жіберіледі.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында бірінші орында Италия тұр: бұл елге 6,9 млрд доллардың өнімі экспортталған. Алайда бұл көрсеткіш былтырғыдан 11%-ға азайған. Екінші орында – Қытай (5,2 млрд доллар), ал үшінші орынды Ресей иеленіп отыр (2,9 млрд доллар).
Экспорт құрылымы қалай өзгерді?
Соңғы бес жылда Қазақстан экспортының 65–67%-ын шикізат құрап келді. Алайда 2025 жылдың басынан бастап бұл көрсеткіш 56,9%-ға дейін төмендеген. Бұл бір жағынан жақсы жаңалық. Бірақ сол азайған үлесті өңделген, дайын өнімдер толықтыра алған жоқ.
QazTrade сарапшыларының мәліметінше, 2024 жылы жоғары деңгейде өңделген өнімдердің үлесі 13,5% ғана болған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш тек 1,4 пайыздық тармаққа өскен.
Сарапшылар сыртқы сауда айналымының қысқаруы теңгеге қысым тудыруы мүмкін деп тұжырымдайды.