Жаңалықтар

Александр Лукашенко Эстонияның салған тыйымына мысқылмен жауап қатты

Александр Лукашенко Эстонияға мысқылдап жауап берді / фото: архив kursiv.media

Эстония үкіметі Беларусь режимінің негізгі өкілдеріне қатысты санкцияларды мерзімсіз түрде ұзартты. Бұл туралы шешімді 24 шілдеде елдің сыртқы істер министрі Маргус Цахкна хабарлады.

Министрдің айтуынша, Беларусьтегі адам құқықтарының жағдайы әлі де нашар, ал Минсктің Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдауы – қысымды одан әрі күшейтуді қажет етеді.

«Соңғы бес жылда ешқандай оң өзгеріс байқалмады. Біз Беларусьтегі репрессияларға көз жұма қарамауымыз керек. Сондықтан санкциялар мерзімсіз сақталуы тиіс», – деді министр.

Санкциялық тізімге Беларусьтің жоғары лауазымды шенеуніктері, судьялар, күштік құрылым қызметкерлері, үгіт-насихатшылар және Александр Лукашенкоге жақын тұлғалар – барлығы 273 адам енгізілді. Бұл тізімде Лукашенконың өзі де бар. Айта кетейік, Эстония және Еуроодақтағы бірқатар елдер оны заңды президент ретінде мойындамайды.

Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко бұл жаңалыққа қалжыңмен жауап берді. Презиеднттің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонттың айтуынша Лукашенко:

«Эстонияға өмірімде барып көрген емеспін. Енді санкция салынғалы бері тек бір сұрақ мазалайды: Енді қалай өмір сүрем?»» – деп қалжыңдапты.

Эстония алғашқы рет санкцияны 2020 жылы Беларусьтегі президент сайлауынан кейін басталған жаппай наразылықтардан кейін енгізген болатын. Ол кезде тыйымдар белгілі бір мерзімге ғана созылатын. Енді олар шектеусіз мерзімге дейін ұзартылды.

Еске сала кетейік, Александр Лукашенко 2025 жылдың басында жетінші рет Беларусь президенті болып сайланған еді.