
Әзербайжан астанасы Бакуде Қазақстан киносының айлығы басталды. Мәдени іс-шара салтанатты түрде «Дос-Мұқасан» музыкалық драмасының көрсетілімімен ашылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Режиссер Айдын Сахаман түсірген туынды қазақ рокының негізін қалаған әйгілі ансамбльге арналды. Фильмде ел музыка өнеріне жаңа серпін берген «Дос-Мұқасан» тобының құрылу тарихы мен олардың шығармашылық жолындағы күресі баяндалады.
Ашылу рәсімінде әзербайжандық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, бұл кеш қос халық арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісіне айналды. Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, өнер мен ғылым саласындағы зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, БАҚ өкілдері мен Бакуде тұратын қазақстандықтар қатысты.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Сценарий авторы – Ефрат Шәріпов, ал продюсері – Айгүл Байбек.
Туындыда политехникалық институт студенттері құрған ансамбльдің шынайы тарихы, олардың өнер мен ғылым арасындағы таңдауы, концерттерге тыйым салу, партия тарапынан қысым сияқты өмірлік қиындықтары көркем түрде көрсетіледі. Кейіпкерлердің тарихи бейнесін нақты жеткізу мақсатында актерлер шынайы прототиптерге сай таңдалған. Сонымен қатар, ансамбль мүшелері Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлейменов фильмге кеңесші ретінде шақырылған.