FIFA Қазақстанның ауылдық жерлерінде 100 футбол алаңын салмақ

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың мәлімдеуінше, FIFA елімізде 100 мини-футбол алаңын салып беруге келісім берді. Ең бастысы – бұл жобаның барлық шығынын халықаралық ұйым өз мойнына алады.
«FIFA тарихында алғаш рет біз Қазақстан мектептеріне 100 мини-алаң салуға рұқсат алдық – және бұл толығымен FIFA қаржысы есебінен жүзеге асады. Бұл бастама – ауылдарда, шағын қалалар мен өңірлерде спорт инфрақұрылымы жоқ балалар үшін аса маңызды», – деді Марат Омаров.
Қазіргі уақытта алаңдар салынатын мектептер іріктеліп жатыр. Таңдау кезінде әлеуметтік дефицит, халық тығыздығы және инфрақұрылым тапшылығы сияқты критерийлер ескеріледі.
«Алғашқы нысандар Хромтау мен Көкшетау қалаларында салына бастайды. Жоба аясында екі жыл ішінде барлық 100 алаңды салып, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз», – деп нақтылады федерация басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы Алматының аэропортымен бірлесіп Талғарда FIFA стандартына сай жаңа футбол академиясының құрылысын бастаған еді.
Бұдан бөлек кәсіпкер Тимур Турлов Қарағандыда 12 млрд теңгеге жаңа футбол академиясын салатынын айтты.