ҚМДБ электронды темекіге қатысты үкім шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ҚМДБ электронды темекіге қатысты үкім шығарды / фото: архив kursiv.media

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) электронды темекіге қатысты шариғат үкімін жариялады. Діни басқарманың пайымдауынша, бұл темекі түрі адам денсаулығына зиян келтіретіндіктен әрі ысырапқа жататындықтан – харам.

Электронды темекі – ішкі құрылымында химиялық сұйықтығы, никотині және арнайы ауыстырылатын картриджі бар құрылғы. Никотин мен улы заттарды өкпеге тыныс алу жолдары арқылы жеткізеді. Дәстүрлі темекіден айырмашылығы – иісі аз, бірақ зияны кем емес.

ҚМДБ өз үкімін ғылыми деректер мен ислам ғұламаларының пікірлеріне сүйене отырып шығарған. Ханафи мәзһабының ғалымы шейх Мухаммад әл-Айни темекі тартудың төрт себеппен харам екенін айтқан:

  • Денсаулыққа зиян келтіруі;
  • Есірткіге ұқсас әсері;
  • Жағымсыз иісінің айналаға зияны;
  • Қаражатты ысырап етуі.

Ханафи мәзһабының кейбір ғалымдары темекіні мәкруһ тахрими деп санаса да, денсаулыққа нақты зияны дәлелденсе және отбасына қажет қаражатты шылымға жұмсаса, харам деп үкім шығарады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Ислам медицина ғылымдары ұйымының зерттеулері бойынша, электронды темекі мен кальян адам ағзасына аса қауіпті. Бұл құрылғылар дәстүрлі темекіден еш кем емес, тіпті кей жағдайларда одан да зиянды.

Сондықтан ҚМДБ үкімі:

Электронды темекіні қолдану – харам. Бұл темекі түрі адам денсаулығына зиян келтіреді әрі ысырапқа жатады.

Діни басқарма халықты зиянды әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда вейп сатуға тыйым салынған. Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі 1,8 млрд теңгенің вейпін тәркілеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз