Грант 100 пайыз: блогерлер жарнамалаған оқу орталығы дауға қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Магистратураға 100 пайыз түсіреміз», «Тестте келетін сұрақтардың 90%-ы бізде бар», «Грантқа түсе алмасаң 80% ақысын қайтарып береміз». Алматыдағы Grant Master атты оқу орталығы дәл осындай жарнамамен магистратураға дайындайтын курсын сатты. Бірақ оны сатып алған 100-ден аса қолданушы грантқа түсе алмай, уәде берген ақшаның қайтпағанын айтады. «Сол курстағы сұрақтардың бірде-біреуі кешенді тестілеуде келген жоқ» дейді олар. Бакалавр, магистратура түсетін кезде тапсыратын тест сұрақтары қүпия емес пе? Оны жеке оқу орталықтары алуына рұқсат бар ма? Тест тапсыру бизнеске айналып кеткен бе? Kursiv тілшісі анықтап көруге тырысты

Ақша да жоқ, грант та жоқ

Таңшолпан Оразымбетқызы осы жылы мамырдан бастап «психология» мамандығына магистратураға түсу үшін дайындалды. Блогер Әлия Әшімнен Grant Master оқу орталығының жарнамасын көріп, тестке дайындалмақшы болып, арнайы курсты сатып алады. Таңшолпанға «базадағы сұрақтар тестте келеді, түспесеңіз, ақшаңызды қайтарып береміз» деп уәде берген.

Фото: оқу орталығының жарнамасы, әлеуметтік желіден скрин

Оқу орталығының ақысы жеңілдікпен – 100 мың теңге. Арнайы платформада сабақтар ашылады, бірнеше рет тест тапсырып, білімін тексеріп отырады. Таңшолпан дәл сол жүйемен дайындалады. Ал 21-шілдеде алғашқы толқынмен бірге магистратурадан тест тапсырады. Бірақ тестте Grant Master уәде еткендей платформадағы сұрақтардың бірде-бірі келмеген. Ал орталық менеджерлері жауап беруден бас тартып, бұғаттап тастаған. Ақша да, грант та жоқ.

Дәл Таңшолпан тәрізді оқу орталығына алдандық деген 125 адам бар. Олардың бәріне дерлік «магистратураға 100 пайыз түсіреміз, ақшасын қайтарамыз, кэшбек болады» деген уәде берген.

Оқу орталығына алдандық деген қатысушы / Фото: әлеуметтік желіден скрин
Оқу орталығына алдандық деген қатысушы / Фото: әлеуметтік желіден скрин
Оқу орталығына алдандық деген қатысушы / Фото: әлеуметтік желіден скрин

Қазір қатысушылар бір чатқа жиналған. Олар басқа дереккөздерге қарамай, тек Grant Master-ден оқып, уақыт құртып алғанын, дұрыс білім алмағанына шағымданады. Grant Master платформасында тест тапсырып, жоғары балл жинап жүрген кейбір қатысушылар да кешенді тестте «уәде еткен сұрақтар» келмей төмен бал алған. Енді жүздеген адам оқу орталығынан ақшасын қайтарып беруді талап етеді.

Құмырсқа балықпен қоректене ме?

Курс қатысушылары сұрақтардың сапасы мен ол курсты сатқандардың қызметіне де көңілі толмайды.

«Алғанша күнде жазып еді, алған соң сайттары істемей қала береді. Жазсам, ақша бердім деп жаза бермеңіз бізде кукуруз охранять етіп отырған жоқпыз деп дікіңдейді. Сұрақтары қате-қате», – дейді Таңшолпан.

Басқа қатысушылар да Таңшолпан сөзін растайды. 24/7 байланыста болады деген кураторлар ұзақ жауап береді, сұрақтардың жауабы қате. Кейбірі мүлде дұрыс құрылмаған.

Grant Master плаформасындағы сұрақтар
Grant Master плаформасындағы сұрақтар
Grant Master плаформасындағы сұрақтар

Grant Master кімнің орталығы?

Осы мәселеден кейін Grant Master орталығына жаздық. Аты-жөнін айтпаған орталық қызметкері сөйлесті. Оның түсіндіруінше, сұрақтардың барлығы тестілеу орталығы көрсеткен әдебиеттерден алынған.

«Тестцентрде әр мамандықтың әр спец пәндері бойынша ұсынылған әдебиеттер тізімі бар. Сол әдебиеттер тізімін пайдаланып біз сұрақтар базасын өзіміз құрастырған болатынбыз. База жоғары ықтималдылықпен келеді. «, – деді оқу орталығының қызметкері Whatsapp желісінде.

Ал грантқа түсе алмай қалса, ол қатысушының өзі дайындалмағаны, сұрақтарды дұрыс жаттамағанының себебі деп түсіндірді. Оқу орталығы курсты жарнамалайтын кезде тегін көлік, Дубайға жолдама болады деп уәде берген. Бірақ оларды алды деген қатысушыларды айта алмады. Осы уақытқа дейін грантқа түсе алмай, 80% оқу ақысын қайтарып берген, 300 мың теңге көлемінде кешбэк алғандар жайлы да ақпарат бере алмады. Басқа сұрақтарға да жауап бермеді.

Grant Master оқу орталығының иесі ретінде Нұрбек Шындәулет есімді азаматты айтады. Орталықтағы сату мамандарының сөзінше, ол Ustudy оқу орталығында директор болған

«Біздің компания толықтай гарантия береді, тест сұрақтарының келу ықтималдылығы 90%. Компания директоры Нұрбек Шындәулет UStudy негізін қалаған. Сол себепті Ustudy базасы бойынша сұрақтар келуі ықтималдылғы 90 пайызды құрайды», – дейді ол Таңшолпанға. (аудиосы бар)

Ашық деректерде Ustudy оқу орталығының негізін қалаушы ретінде Жанат Рахмани көрсетілген. Kursiv Нұрбек Шындәулетке осы мәселе бойынша сұрақтар жіберді.

Жүздеген қатысушылардың көпшілігі оқу ақысын еш келісім-шартсыз бірден аударған. Ал келісім жіберген аз қатысушының құжатында оқу орталығының иесі ретінде «Sana Tech» ЖШС тұр.

Ашық деректерді ақтарсақ, «Sana Tech» 2022 жылы тіркелген. Бірақ салық түсімдеріне қарасақ, заңды түрде жұмысын 2023 жылы бастаған. Сол уақыттан бері бюджетке 1 млн 54 мың теңге салық төлеген.

Руслан Өтепбай, Дәулет Мұқаев, Әлия Әшім

Grant Master өз курстарын сатуда танымал блогерлер, инфлюенсерлердің жарнамасын жақсы қолданды. Олардың қатарында журналист Руслан Өтепбай, Дарикорн, Әлия Әшім және депутат Дәулет Мұқаевқа тиесілі парақша да бар. Шағымданушылардың көпшлігі Әлия Әшім мен Дәулеттен парақшасынан келгенін айтады.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Kursiv-ке жауабында қазір Dauletten парақшасы өзіне тиесілі емес екенін, жарнама алмағанын айтады.

«Dauletten парақшасының заңды иесі- Шамиль Қарақожа. Әрі парақшаны сол жүргізеді. Мен тараптан ешқандай жарнама болмаған. Әрі ГрантМастер орталығын жеке мен білмеймін. Шамильге жазуды сұраймын. 2028 жылға дейін құқық Шамильде», – деді ол.

Блогер Әлия Әшім тредстегі жазбада жарнама жасағанын мойындап, «осы жағдайға себепкер болғаны үшін» кешірім сұрады. Қазір ол 125 адам жиналған уатсап топқа қосылып, көмектесетінін айтты.

Магистратура тест сұрақтарын кім дайындайды?

Елімізде магистратура, бакалавр сұрақтарын дайындаумен «Ұлттық тестілеу орталығы» айналысады. Орталықтың дерегінше, кешенді тестілеу тапсырмаларын әзірлеуге еліміздегі жетекші ғалымдарды, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын жұмылдырылған. Олар жыл сайын тест тапсырмаларын жаңартады.

«Жыл сайын тест тапсырмаларының мазмұны жүйелі түрде жаңартылып, сараптамалық және әдістемелік тұрғыда қайта қаралады, тұрақты өзектендіріліп отырады. Әзірленген тест тапсырмалары басқа ұйымдарға және үшінші тұлғаларға берілмейді», – деп жазылған Ұлттық тестілеу орталығының Kursiv-ке жауабында.

Дайындалып жүрген азаматтар үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынақтарын ұсынады. Ал кешенді тесттегі сұрақтардың 90%-ы бізде келеді деп уәде берген оқу орталықтарының ісі алаяқтық деп түсіндіреді мекеме өкілі.

«Айта кету қажет, интернет желісінде тарап жүрген «тест жауаптары» немесе «тапсыруға көмектесеміз» деген сипаттағы хабарландырулар – алаяқтық әрекеттер. Ұлттық тестілеу орталығы азаматтарды мұндай ұсыныстарға сенбеуге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады», – деп мәлімдейді мекемеден.

Магистратураға арналған кешенді тестілеу 21 шілдеден бастап 10 тамызға дейін жалғасады. Биыл 51 мың адам тест тапсыруға өтініш берген.

Сондай-ақ оқыңыз