Динара Сәтжан: бизнесі, төлейтін салығы және жұлдызды құрбылары туралы

Жарияланды 25 Шілде 2025 08:25

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: Динара Сатжан / Instagram.com / dinarasatzhan

Динара Сәтжан – медиа мен шоу-бизнестегі ең танымал тұлғалардың бірі. Оның Dinara Satzhan Fashion Group атты сән үйі бар, ютубта жеке шоу жүргізеді. Инстаграмда жеке бренд бойынша курстар өткізеді. Бұған дейін Динара «Хабар» арнасында жаңалықтар жүргізді, жеке қонақүйді де басқарды. «Менде әрдайым ақша болған» дейді ол өзі жайлы. Ақшаны екі есе көбейтуді білетін танымал тележүргізушінің қанша бизнесі бар? Салық төлей ме? Kursiv шолуында ұсынамыз.

18 жасына сыйлыққа көлік

Динара Сәтжан 1982 жылы Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауылында дүниеге келді. Өзінен кейін Раджив және Рауан есімді екі бауыры бар. Тоқсаныншы жылы Динара ата-анасымен бірге Алматыға көшіп келеді. Әкесі мемлекеттік қызметкердің бір айлығына өмір сүре алмайтынын түсініп, бизнеспен айналыса бастайды. Динараның журналистикаға баруына себепкер болған да әкесі Жаңабай Сәтжан.

«Әкем бала кезімде маған кітап оқып, құмда бірге ойнаған жоқ. Бірақ 16-ға толғанда айтқан кеңесіне құлақ астым. Журналистиканың оқуын оқы деген еді», – дейді ол әкесінің кеңесі жайлы.

Алматыда ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста оқып жүргенде «Шахар» телерадиокомпаниясына орнасалады. Сол жерде өзінің жеке музыкалық бағдарламасына ашады. Алғашқы жетістігі үшін әкесі 18 жасында сыйлыққа жаңа спорттық көлік алып береді.

Музыкалық бағдарламадан кейін жаңалықтарға ауысады. «Оңтүстік астана» арнасында жаңалықтар тілшісі болды. «Астана», «Хабар» телеарналарында жаңалықтар бағдарламасын жүргізді.

Жұлдызды құрбылар – жұлдызды жобалар

Динара Сатжанның тығыз араласатын, жақын құрбыларының қатарында танымалдылығы жағынан кем түспейтін продюссер Баян Алагөзова мен дизайнер Аида Кауменованы айтуға болады. Екеуімен де Динара медиа және сән әлемінде сәтті жобалар жасайды.

Динараның медиадағы бағдарламаларының басым көпшілігі сұхбат жанрына құрылды. 2012 жылы жаңалықтар қызметінен кеткеннен кейін «Астана» телеарнасы үшін Status QUO бағдарламасын дайындады. Екі жылдан кейін Баян Алагөзовамен бірге сол арнада «Sky-студия» бағдарламасын жүргізді. Танымал саясаткерлер, бизнесмен, әнші, спортшылардан сұхбат алатын еді. Ютубтағы арнасында «100 сұхбат» жобасы аясында жұлдызды жұптардан, халық арасында белгілі тұлғалармен әңгімелесіп жүрді.

Динара қоғамдағы трендтерді де жақсы түсініп, дер кезінде ілесіп кетеді. Сұхбаттарының жиырмасына жуығы қазақ тілді ортадағы танымал тұлғалар. Олардың арасында әлеуметтік желіде ерекше «хитке айналған» Нұрлан имам, айтыскер Сара Тоқтамысова, Нұрлан Қоянбаев, Садраддин тәрізді жұлдыздар да бар.

2023 жылы ютубта жеке арна ашып, Late Night Show with Dinara Satzhan атты бағдарламасын бастады. Тек қазақстандық қана емес Михаил Лабковский, Вера Брежнева, Ксения Собчак, Akon тәрізді танымалдардан сұхбат алды.

Дизайнер Аида Кауменовамен / фото: ашық дереккөзден

Сән бизнесі

Динара Сатжан жеке брендін сән бизнесінде де жақсы пайдалана білді. Танымал дизайнер, құрбысы Аида Кауменовамен бірге бірінші сән дүкенін 2010 жылы ашқан.

«Керуен» сауда орталығында бутикті жалға алдық, айына 650 мың теңге шығатын. Сол кезде «Хабарда» 200 мың теңге жалақы алатынмын. Шығынымызды жабу үшін жанталаса саттық. Барлық коллекцияны 20 күнде сатып жібердік», – дейді ол туралы Динара сұхбаттарының бірінде.

Күндіз жаңалықтар жүргізіп, кешке эфирден кейін бутикке қарай асығып, ревизия жасайды. Онымен қоса бизнес мектепте оқып, кәсіп жүргізуді үйренеді.

«Мен сатуды, қызмет көрсетуд үйрендім. Эго үшін бұл тамаша терапия», – деп мойындайды тележүргізуші.

Бір жылдан кейін «Сарыарқа» сауда үйінде «Red Carpet» дүкенін ашады. Бірақ пандемия Сатжанның кәсібіне өзгеріс енгізді. Дүкендерін жауып, тек бір шоурумы ғана қалады. Қазір Dinara Satzhan Fashion Group атты сауда дүкені бар, танымал брендке айналды.

Динара Сатжанның бизнесі ресми тіркелген бе?

Динара Сатжан көпке жарнамалаған кәсібінің бірі – Астанадағы «Монако» қонақүйі. 2015 жылы Милан және Париж кварталының арасында орналасқан отельдің ашылуын өткізді. Жаңа ғимарат 46 нөмірі ғана бар шағын, бірақ эксклюзив сервис көрсететін қонақүй ретінде таныстырылды. Ол кәсібін жүргізу үшін халықаралық мамандар шақырған еді.

БАҚ-тағы жазбаға сүйенсек, «Монако» отелін «Nurmash Partners» ЖШС басқарады. Ол жерде Динараның 50% үлесі бар. Қазір Динара ол қонақүйді көп жарнамаламайды. Ал «Nurmash Partners» ЖШС жойылған.

Тележүргізушінің атында «Сатжан Динара Жанабаевана» атты жеке кәсіпкерлік бар. 2021 жылы тіркеуден өткен. Бірақ мемлекеттік кірістер сайтында оның қанша салық төлейтіндігі көрсетілмеген.

Одан бөлек тележүргізушіге «DS CREATIVE STUDIO» ЖШС тиесілі. Ол кәсіпорын 2023 жылы тіркелген. Шамамен сол кезде Динараның ютубтағы жеке шоуы іске қосылған еді. 2023 жылдан бері кәсіпорын 2,7 млн теңге салық төлеген.

Жеке өмірі

Динара Сатжанның Даниал есімді ұлы және Диана есімді қызы бар. Бұған дейін тұрмыста болды. Осы жылы көктемде миллиардер бизнесмен Жұмабек Жанықұловпен некесін қиды. Тіпті күйеуінің тегіне өтетінін де хабарлаған.

Жұмабек Жанықұлов – Forbes Kazakhstan рейтингіне енген, еліміздегі ең ықпалды кәсіпкердің бірі. Оның бизнесі әртарапты, яғни өндіріс, медицина, химия саласында да кәсіпорындары бар.

Сондай-ақ оқыңыз