Макрон: Франция Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Франция президенті Эммануэль Макрон  / фото: Laurent Cipriani/Pool via REUTERS
Франция президенті Эммануэль Макрон / фото: Laurent Cipriani/Pool via REUTERS

Президент Эммануэль Макронның мәлімдеуінше, Франция қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайды. Алайда Париждің бұл әрекеті Израиль мен АҚШ-тың сынына ұшырады. Бұл туралы Reuters жазды.

Макрон Палестина автономиясының президенті Махмұд Аббасқа жазған хатын X әлеуметтік желісіне жариялады. Онда Францияның Палестинаны мемлекет ретінде мойындатуға күш салатыны, басқа да әріптестерін өзінен үлгі алуға үгіттейтіні жазылған.

«Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатып, тарихи әділеттілік орнату үшін, мен Франция Палестина мемлекетін мойындайды деп шештім», – деп мәлімдеді Макрон.

Францияда еврейлер мен мұсылмандардың ірі қауымы тұрып жатыр. Енді ол Палестина мемлекеттілігін мойындаған алғашқы ірі Батыс елі атануы мүмкін.

Мұндай жаңалық Израиль мен Вашингтонның сынына ұшырады, деп жазды Reuters. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мұндай қадамды «террорды қолдау, Иранның тағы бір қуыршағын құру» деп сипаттады.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдеуінше, Құрама Штаттар Макронның «Палестина мемлекетін мойындау жоспарына БҰҰ Бас ассамблеясында қарсы шығады».

Палестина әкімшілігінің вице-президенті Хусейн әл-Шейх Францияға алғыс айтып, Макронның шешімі осы елдің «халықаралық құқықты сақтайтынын көрсетті» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз