NCOC экология талабын бұзғаны үшін 3,6 млрд теңге төледі

Атырау прокуратурасы North Caspian Operating Company (NCOC) мұнай консорциумынан экология талаптарын бұзғаны үшін 3,6 млрд теңге өндіріп алды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.
Құзырлы орган мәліметінше, Атырау прокуратурасы NCOC-тың «шикі газды шамадан тыс жаққанын» анықтаған.
«Прокуратура актісімен, жер қойнауын пайдаланушы ӘҚБТК-нің 356-бабы (Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,6 млрд теңге экологиялық залал бюджетке толық өндірілді», – деп хабарлады прокуратура.
Бұған қоса, құзырлы орган компанияның жауапты лауазымды тұлғаларына қоршаған ортаны ластамауға кеңес берді.
Экологияны қорғау мәселесі Атырау облысының прокуратурасының ерекше бақылауына алынған, деп түйіндеді Бас прокуратура.
Ірі мұнай консорциумы Атырау облысындағы Қашаған мұнай кен орнын игерумен айналысады. 2025 жылғы 4 шілдеде компания Қашаған іске қосылғалы бері бір млрд баррель мұнай өндіргенін хабарлаған.
2009 жылы құрылған консорциум құрамына «ҚазМұнайГаз» (16,88%), Eni (16,81%), Shell (16,81%), ExxonMobil (16,81%), TotalEnergies (16.81 %), CNPC (8,33%) және INPEX (7,56%) мұнай компаниялары кіреді.