Полиция ниқаб киюге болмайтынын халыққа түсіндіріп жүр

Полиция қызметкерлері көшеге шығып, не себепті қоғамдық орындарда ниқаб секілді бет-әлпетті жасыратын киім киюге болмайтынын түсіндіріп жүр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайты хабарлайды.
Полиция мәліметінше, ішкі істер органдарының қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдер киюге тыйым салатын заң 12 шілдеде күшіне енген.
«Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау», – деп түсіндіреді тәртіп сақшылары.
Учаскелік инспекторлардың айтуынша, тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мысалы бетперде, никаб сияқты киімдер.
Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, әл-амира секілді киімдерге бұл норманың қатысы жоқ. Бұл тыйым ауа райының жағдайына, медициналық көрсеткіштерге байланысты қолданылатын киімдерге қатысты емес.
Заң ережесі қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау, азаматтық қорғау, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қолданылмайды.
Учаскелік полиция инспекторлары азаматтарға өзге құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шаралары туралы айтқан. Атап айтқанда, полицейлер интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері жөнінде ақпарат беріп, мұндай айлаға көбіне адамдардың қалай тап болатынын түсіндірген.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 30 маусымда президент қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заңға қол қойған. Заң екі аптадан кейін күшіне енген.
Ал шілденің басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Мүфтият) елде ниқаб киюге қарсы заңды қолдаған.