Toyota Alphard пен экскаватор соғысып, төрт адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Toyota Alphard пен экскаватор соғысып қалды / фото: ҚазАвтоЖол
Toyota Alphard пен экскаватор соғысып қалды / фото: ҚазАвтоЖол

25 шілдеде Алматы облысында Toyota Alphard көлігі мен трактор соғысып, алты адам қаза тапты. Бір күн бұрын, 24 шілдеде Жамбыл облысында Toyota Alphard пен экскаватор қақтығысып, жол апатынан төрт адам мерт болды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлайды.

Ұлттық компания Қазақстан аумағында болған екі ірі жол апаты туралы мәлімет таратты. Екеуіне Toyota Alphard көлігінің қатысы бар. Соның салдарынан он адам адам қаза тапқан.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 25 шілдеде сағат 10:15-те Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданы Самсы ауылының маңында Toyota Alphard көлігі мен трактор соғысып қалды. Осы уақытта жол жөнделіп жатқан. Жол белгілері орнатылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Alphard жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, жүк көлігін оң жақ жолақ арқылы басып озуға тырысқан. Соның салдарынан көлік қоршалған жөндеу аймағына шығып кетіп, арнайы техникамен соғысқан. Апат салдарынан алты адам, оның ішінде бір жол қызметкері қаза тапты. Тағы екі адам жараланды.

Осыған ұқсас оқиға бір күн бұрын, 24 шілдеде сағат 09:40-та Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының Қашқантеңіз станциясына жақын маңда болды. Toyota Alphard көлігі мен жүк тиегіш экскаватор соғысты.

Алдын ала мәліметкет сәйкес, Toyota көлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі пен қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, арнайы техникамен соғысқан. Қайғылы оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, екі адам жараланды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтты. Бұған қоса, азаматтарға ережені сақтауға, жолда мұқият болуға кеңес берді.

Сондай-ақ оқыңыз