
Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылары жоғалып кеткен әуе кемесінің фрагменттерін анықтады.
Отар елді мекені аумағында байланыс үзілген Әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары жалғастырып жатыр.
«Министрліктің командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екендігі анықталды. ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде осы аймаққа шықты.
Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды», – делінген ақпаратта.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Ол жерде арнайы жабдықтар пайдаланылып жатыр: эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.