Қазақстанға деген көзқарасыңызды түбегейлі өзгертетін ТОП-10 локация

Жарияланды 27 Шілде 2025 09:28

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Саяхатшыларды таңғалдыратын туристік нысандар / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан – тек Орталық Азиядағы ең ірі ел ғана емес. Бұл сайын дала мен асқар таулардың, тұнық көлдер мен үнсіз шөлдердің үйлескен мекені. Мұнда табиғаттың күшін, тарихтың тереңдігін және тыныштықтың мәнін сезінуге болады. Kursiv.media тілшісі Қазақстанды шын жүректен танығысы келетін әр адам баруы тиіс он ерекше мекенді шолып шықты.

Гранд-Каньоннан еш кем емес Шарын шатқалы (Алматы облысы)

Шарын / фото: shutterstock
Шарын / фото: shutterstock

Жел мен уақыт мүсіндеген қызыл тастардан құралған алып шатқал. Әсіресе «Қамалдар аңғары» ерекше әсер қалдырады. Мұнда тастар ертегі сарайларына ұқсап кетеді. Күн батқанда шатқал ерекше әдемі түске боялады.

Шарын шатқалы шамамен 12 млн жыл бұрын ежелгі үстірттің эрозияға ұшырауы нәтижесінде пайда болған. Оның ұзындығы 150 шақырымнан асады, ал тереңдігі кей тұста 300 метрге дейін жетеді. Шатқал Алматыдан 200 шақырым қашықтықта орналасқан және Шарын ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреді.

Саяхатшыларға ең ыңғайлы маусым – көктем немесе күз. Жазда тым ыстық болады. Шатқалға түсу мен көтерілу қиындау, сондықтан ыңғайлы аяқ киім киген абзал.  Саяхатшыларға су, күннен қорғайтын крем және бас киім алған жөн. 

Қайыңды көлі – су астындағы орман (Алматы облысы)

Қайыңды көлі / Фото: Visit-Almaty

1911 жылғы жер сілкінісінен кейін пайда болған ерекше көл. Судың астында шірімеген шыршалар әлі тұр, ал суы – мұздай әрі мөлдір. Бұл жер нағыз сиқырлы әлемге есік ашқандай әсер қалдырады. 

Көл Алматы облысындағы Күнгей Алатауының етегінде, Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Алматы қаласынан шамамен 280 шақырым жерде. Айналасындағы ормандарда қайың ағаштары көп болғандықтан, көлге осындай атау берілген. Бірақ көлдің өзіндегі ағаштар – қайың емес, тік өсетін шыршалар.

Бұл локацияға қашан барған дұрыс? Жазда ауа райы жайлы, серуендеп, фотоға түсіру үшін тамаша мезгіл. Ал күзде ағаштар алтын түске боялып, көлдің айналасы ертегі әлеміне айналады. Қыс кезінде көл беті қатып, сүңгуірлер мұз астындағы орманды көру үшін арнайы келеді. Алайда ауа райы жиі құбылады – жылы киім алып барған жөн. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі руханиятының астанасы Түркістанда орналасқан

Түркістан, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі / фото: sutterstock
Түркістан, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі / фото: sutterstock

XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған бұл кесене ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Бұл тек тарихи ескерткіш емес – бүкіл түркі жұрты үшін киелі орны.

Кесене – Орта Азиядағы ең ірі кірпіштен салынған күмбезді құрылыс. Оның биіктігі 38 метрге дейін жетеді, ал үлкен күмбезінің диаметрі – 18,2 м. 

Мұнда:

  • Қазандық (орталық зал),
  • Қылует (Ясауидің жерасты сопылық мекені),
  • Кітапхана, мешіт, дәруіштер бөлмелері, медресе бар.

Қазандық залында орналасқан алып тайқазан – бірлік пен қонақжайлықтың белгісі. Ол 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ қонысында жасалып, арнайы осы кесенеге жеткізілген. Нысан жылдың кез келген мезгілінде ашық. Ең қолайлы уақыт – көктем мен күз. 

Бозжыра – қазақ Марсы (Маңғыстау облысы)

Бозжыра
Бозжыра / Фото: instagram.com/discoverearth; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның батысында, Маңғыстау облысындағы Үстірт қыраты бойында орналасқан ерекше табиғи мекен. Бұл жер ежелгі теңіз түбінен пайда болған, сондықтан ландшафттары әктас пен бордан құралған – түсі аппақ, пішіндері таңғажайып.

Бозжыра – бұл жай ғана шатқал емес, бұл ғаламшардан тыс пейзаж секілді көрінеді. Мұнда уақыт пен кеңістікті ұмытып, тылсым табиғатпен бетпе-бет қалуға болады. Әсіресе «екі тік шоқы» – Бозжыраның символы. Олар алыстан қарағанда алып аңның мүйізіне немесе «қақ айрылып» тұрған табиғат қақпасына ұқсайды.

Мұнда жол жоқ, сондықтан тек жол талғамайтын көлікпен баруға болады. Жолға шықпас бұрын гидпен немесе жергілікті турфирмамен келісу ұсынылады. Аумақта интернет байланысы жоқ және су, көлеңке жоқ, сондықтан алдын ала дайындалып келген дұрыс. Ауа райы жазда өте ыстық, ең қолайлы мезгілдер көктем мен күз. Бұл жерде арқар, киік, қарақұйрық, сондай-ақ сирек кездесетін жыртқыш құстар мекендейді. 

Көлсай көлдері – тау арасындағы ертегі (Алматы облысы)

Көлсай / фото: shutterstock
Көлсай / фото: shutterstock

Үш көл – Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы Көлсай – әрқайсысы өзіндік сұлулығымен ерекшеленеді. Әсіресе, Төменгі Көлсайға бару жеңіл, сондықтан ол жиі баратын туристік бағыт. Ал Ортаңғы мен Жоғарғы көлдерге жету үшін таулы соқпақпен жаяу көтерілу керек, бірақ бұл саяхат соған тұрарлық.

Көлсай – тек суретке түсіп, табиғатқа сүйсіну орны емес. Мұнда жаяу серуен, атпен саяхаттау, қайықпен серуен, тіпті түнгі аспанды тамашалау да ерекше әсер сыйлайды. Көлдің маңында демалыс базалары, киіз үйлер, глэмпингтер бар.

Суы шипалы Алакөл (Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары)

Алакөл/ фото: Ақниет Төленді
Алакөл/ фото: Ақниет Төленді

Алакөл – Шығыс Қазақстан мен Жетісу облыстарының шекарасында орналасқан, тұзды әрі минералға бай көл. Оның суының емдік қасиеті ежелден белгілі: тері ауруларына, буын мен жүйке жүйесіне шипа. Кеңес дәуірінде мұнда әскери ұшқыштар мен ғарышкерлердің өзі сауықтыруға келген деседі.

Көлдің суы көк пен көгілдірдің арасында құбылып, жазда +25°C-қа дейін жылиды. Қарақұм жағалауы – жұмсақ құм мен таза ауамен тыныстауға таптырмас орын. 

Баянауылдағы Жасыбай көлі (Павлодар облысы)

Жасыбай көлі / E-history.kz

Жасыбай көлі – Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркі аумағында орналасқан көркем көл. Ол таулар мен ормандармен көмкерілген, мөлдір әрі тұщы сулы табиғи айдын. Көлдің атауы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан батыр Жасыбайдың құрметіне қойылған.

Көлдің жағасында қарағайлы орман, гранит жартастар мен жұмсақ жағажайлар үйлесім тауып, ерекше тыныштық сезіледі. Жазы салқын, суы тіпті шілдеде де суықтау. Мұнда шомылып, қайықпен серуендеп, тауға шығуға, табиғат аясында тынығуға тамаша мүмкіндік бар.

 Алтынемел ұлттық паркі

Алтынемел ұлттық паркі, Әнші құм / Фото: Қазақстан бойынша жол картасы

Алтынемел ұлттық паркі – Алматы облысында орналасқан, Қазақстандағы ең ірі табиғи қорықтардың бірі. Бұл аймақ шөлейт дала, тау, өзен аңғары мен ерекше геологиялық формациялардан тұрады. Оның аумағында Жетісу Алатауының сілемдері, Іле өзенінің аңғары және атақты Әншіқұм құмы орналасқан.

Парк 1996 жылы сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау мақсатында құрылған. Мұнда құлан, қарақұйрық, сілеусін, тіпті қар барысы сияқты қызыл кітапқа енген жануарлар мекендейді.

Елорда – егеменді еліміздің символы 

Астана алдағы он жылда қалай өзгереді
Астана / Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанның жүрегі — Астана. Ол тек әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі, ұлт рухының, жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның символы. Қазіргі заманғы сәулет пен ұлттық болмыстың үйлесімі. Мұнда «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Тәуелсіздік сарайы», «EXPO қалашығы» сияқты ерекше нысандар бар.

Тамғалы – тастарға қашалған тарих (Жамбыл облысы)

Тамғалы тас / Фото: Grande Voyage

Бұл Қазақстандағы ең көне және ең маңызды жартас суреттері (петроглифтер) шоғырланған тарихи-мәдени кешен. Ол Алматы облысында, Қарасай ауданында, Алматы қаласынан шамамен 170 шақырым жерде орналасқан.

Тамғалы шатқалында б.з.д. II мыңжылдықтан бастап салынған 5000-нан астам жартас суреттері сақталған. Бұл суреттер ежелгі адамдардың өмір салты, діни нанымы мен табиғатқа деген көзқарасы жайлы баға жетпес дереккөз.

Сондай-ақ оқыңыз