Денвер әуежайында жолаушылар ұшағы өртенді

26 шілде күні АҚШ-тың Денвер қаласындағы халықаралық әуежайда American Airlines компаниясына тиесілі Boeing 737 Max жолаушылар ұшағы өртеніп кетті. Борттағы 173 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі шұғыл эвакуацияланды, деп хабарлайды CBC арнасы.
АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасының (FAA) мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша 14:45 шамасында болған. AA3023 рейсі Майамиге бағыт алған. Куәгерлердің айтуынша, ұшақтың артқы бөлігінен түтін шығып, қатты дыбыс естілген. Осы сәтте ұшақ ұшу жолағында жылдамдық алып, көтерілуге жақын қалған екен.
Эвакуация арнайы үрмелі траптар арқылы жүргізіліп, жолаушылар автобуспен терминалға жеткізілді. Аэропорт әкімшілігінің мәліметінше, бес жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, бір адам жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
American Airlines өкілдері оқиғаның себебі ұшақтың артқы жағындағы шинаның ақауы болуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта ұшақ ұшудан шеттетіліп, техникалық сараптама жүргізіліп жатыр.
Оқиға салдарынан әуежайда кемінде 87 рейс кешіктірілді. FAA аталған жағдай бойынша тергеу жүргізіп жатыр.