Жаңалықтар

Елдос Сметов Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысатынын мәлімдеді

Елдос Сметов Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысады
Елдос Сметoв Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысады / фото: instagram: yeldos60kg

2024 жылы 27 шілде күні қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Париж татамиінде жеңіске жеткен сәтін еске алған спортшы әлеуметтік желіде «тарихи күн» деп жазба жариялады.

«Үш Олимпиаданың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ Париж Олимпиадасының алтыны ардайым биік болып қала береді. Бұл – қаншама маңдай тер мен еңбектің ақталған күні. Барлық марапатымның шыңы», – деп жазды Сметов.

Сметов өз жолында кездескен сәтсіздіктер мен қиындықтарды, құрбандықтар мен тәуекелдерді еске алып, бұл жеңістің оңай келмегенін атап өтті. Арманға жету жолында көптеген нәрседен бас тартуға тура келгенін де мойындады.

Сондай-ақ, Елдос Сметов Олимпиада алтынын алғаннан кейін өмірінде жаңа кезең басталғанын жеткізді:

«Сол сәттен кейін өмірімді өзіме, отбасым мен жақындарыма арнай бастадым. Париждегі алтын біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті», – дейді спортшы.

Жазбаның соңында Елдос 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін келесі Олимпиадада бұл жетістігін қайталауға ниетті екенін жеткізді:

«Иншалла, келесі төртжылдықтың басты додасында да дәл осы эмоцияны сыйлау үшін бар күшімді саламын», – деді чемпион.

Айта кетейік, Елдос Сметов – қазақстандық дзюдодағы ең жарқын тұлғалардың бірі. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған. Ал Парижде көп жылғы арманын орындап, Олимпиада чемпионы атанды.