
Қытайдың әйгілі курорттық бағыты — Хайнань аралы қазақстандық туристер арасында барған сайын танымал болуда. 2025 жылдың бірінші жартысында бұл аралды 40,2 мың қазақстандық азамат аралаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4%-ға көп, бұл туралы «Синьхуа» агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Қазақстан Хайнаньға ең көп турист жіберген төрт елдің қатарына енген. Дегенмен, үздік төрттікке кірген басқа елдер атала қойған жоқ. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан Хайнаньға ең көп турист жіберген ел атанды.
Қазақстан мен Хайнань арасындағы туристік байланысты Air Astana мен SCAT әуе компаниялары жүзеге асырып отыр. Екі компания да тікелей рейстер ашқан, ал Air Astana алдағы уақытта бұл бағыттағы рейстер санын арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Kursiv Lifestyle Хайнань аралындағы демалыстың артықшылықтары мен кемшін тұстарын жазған еді.