Газаға гуманитарлық көмекті өткізу үшін Израиль әскері уақытша үзіліс жариялады

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторындағы үш бірдей аумақта «жергілікті тактикалық үзіліс» жариялады. Бұл шешім аймақтағы гуманитарлық жағдайдың ушығуына байланысты қабылданған.
Израиль билігі БҰҰ тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмекті жеткізу үшін арнайы гуманитарлық дәліздер ашуға уәде беріп отыр. Сонымен қатар, гуманитарлық жүктер парашют арқылы қайтадан түсіріле бастады.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, бұл әрекет саяси басшылықтың нұсқауы негізінде жүзеге асырылып жатыр және «Газа секторында қасақана аштық ұйымдастырылып жатыр» деген жалған айыптауларды жоққа шығару мақсатында қолға алынған. Гуманитарлық дәліздер арқылы БҰҰ колонналары азық-түлік пен дәрі-дәрмекті қауіпсіз жеткізе алады.
Жексенбі күні таңертең Мысырдың al-Qahera News жаңалықтар порталы Рафаһ бақылау-өткізу пункті арқылы Мысырдан Газа секторына қарай гуманитарлық көмек тиеген жүк көліктері бағыт алғанын хабарлады. Жарияланған суретте үсті ашық жүк көліктерінің ұзын кезегі көрсетілген. Жүктердің гуманитарлық көмек екені болжанып отыр, дегенмен мысырлық ресми тұлғалар әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Reuters агенттігіне сұхбат берген ЦАХАЛ өкілі парашютпен гуманитарлық көмек тастау қайта басталғанын растады. Бұған дейін израильдік әскери өкілдер халықаралық ұйымдар жеткізген ұн, қант және консерві өнімдері салынған жеті контейнерді тастайтынын айтқан болатын. Палестиналық дереккөздер де Reuters-ке солтүстік Газа аумағында жүк тиелген парашюттердің түсіп жатқанын растады.