Lifestyle

Қазақстандық жұлдыздардың «жұлдыз» балалары

Қазақстандық жұлдыздардың «жұлдыз» балалары / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Қазақстандық жұлдыздардың «жұлдыз» балалары / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Танымал адамның баласы болу оңай емес. Өйткені дүниеге келген сәттен бастап елдің назарында боласың. Өсе келе қандай да бір қабілетіңді көрсетпек болғанда көпшілік оны «ата-анасының арқасында» деп аса бағаламауы мүмкін. Бүгінгі материалымызда жұлдыздардың жұлдыз балалары туралы айтамыз. Олардың ішінде ата-анасының жолын қуғандар да, басқа бағытта танылғандар да бар. 

Айжұлдыз Адайбекова — Жанар Айжанованың қызы

1,2 млн оқырманы бар

Әнші әрі актриса Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз — ерекше блогерлердің бірі. Ол анасының жолын қуып, әнші болмады. Ол бүгінде — инфлюенсер. Sez.app жобасының негізін қалаушы. Айрықша образ, өзгеше ұстаным, тың көзқарас иесі. Танымал тревел-блогер Сәкен Қағаровқа тұрмысқа шықты. 

Айсәуле Бақытбек — Баян Алагөзованың қызы

1,4 млн оқырманы бар

Танымал продюсер Баян Алагөзованың тұңғышы. Айсәуленің сұлулық салоны бар. Оған қоса, блог жүргізеді. Syrlasu атты подкаст жобасының қаралымы өте жақсы. Ол жерде танымал адамдарды қонаққа шақырып, тең сұхбат жүргізеді. Айсәуленің импатиясы, таным көкжиегінің кең екені оқырманнның көңілінен шығады. Тұрмысқа шыққан, екі қызы бар. Баянның ортаншы қызы көпшілік алдында көріне бермейді. Мінезі де Айсәуледен басқаша. Ал былтыр дүниеге келген егіз қызының қандай болатынын уақыт көрсетеді. 

Айым Сейтметова — Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанованың қызы

1,6 млн оқырманы бары

Белгілі актер Азат Сейтметов пен актриса Данагүл Темірсұлтанованың қызы Айым да —актриса. Оған қоса, блогын белсенді жүргізеді. «Инстаграмщица», «Той любой ценой», «Любовь без границ» сияқты фильмдер мен сериалдарға түсті. Кезінде жастар арасында танымал болған Yuframe-ның белді мүшесі. 2019 жылы кәсіпкер Талғат Итаевқа тұрмысқа шықты. Қазір бір қызы бар. 

Тәуіржан — Ләззат Байырбекованың ұлы

2,3 млн оқырманы бары

Әнші Ләззат Байырбекованың ұлы. Көпшілікке Гуджан лақап атымен танымал. Қазақстандағы рейтиңі жоғары ток-шоуда бірнеше рет қатысушы болды. Оның өмір салтын оқырман көп сынаса да, хайпқұмар Тәуіржан сын-пікірді еш елемейді. Бай өмір, қымбат көлік, мейрамхана, шетелге саяхат сынды бағыттағы контентті көп салады.

Алау Нуртас — Қайрат Нұртастың қызы

190 мың оқырманы бар

Қазақстанның басты хитмендерінің бірі Қайрат Нұртастың ортаншы қызы. Жасы 16-да. Алау қазір TikTok-та парақшасын белсенді жүргізеді. Биге икемді жасөспірім трендтер мен челленждер түсіреді. Оған қоса, блогер ретінде мерекелік кештерге, түрлі іс-шараларға жиі шақырту алады. Парақшасында құрбыларымен және блогер достарымен коллаборация түсіреді. Әкесімен бірге билеген видеолары миллиондаған қаралым жинайды. Анасы — Жұлдыз Әбдукәрімова да елге белгілі актриса екенін атап өту керек. Нағыз жұлдызды отбасында дүниеге келген Алаудың өз оқырмандарына кейде өкпесі қара қазандай болып, ренішін білдіріп қояды. Оның айтуынша, ол — жеке тұлға. «Қайрат Нұртастың қызысың ғой, иә? Суретке түсуге бола ма?» деп келетіндер көп екен. Оны әкесі арқылы танығаны ұнамайтынын айтқан ол келесіде сондай сөз айтқандармен суретке түспейтінін де жеткізген.   

Әдемі Тұрсынбекқызы — Тұрсынбек Қабатовтың қызы

68 мың оқырманы бар

Елге белгілі әзілкеш. Тұрсынбек Қабатов пен продюсер, MM өнер орталығының негізін қалаушы Мөлдір Мұқанның тұңғышы. 2021 жылы ҰБТ кезінде Әдемінің орнына басқа біреу кірді деген жаңалық халықты дүр сілкіндірген еді. Араға жылдар сала ол оқиға ұмыт болып, қазір Әдемі Tik-Tok желісіндегі танымал блогерге айналған. Трендтегі би видеоларды салып отырады. Алау Нұртаспен бірігіп те жиі коллаб жасайды.

Гүлеркем Ниязқұлова және Сымбат Абайқызы — Абай Бегейдің қыздары

754 мың және 370 мың оқырманы бар

Әнші Абай Бегейдің қыздары — бүгінде белгілі блогерлер. Тұңғышы Гүлеркем Ниязқұлова Ақтауда тұрады. Блогтан бөлек, мейрамхана бизнесін жүргізеді. Келіндік өмірін көрсетіп аудитория жинаудан бастаған. Жақында заңсыз лотерея өткізді деп құзырлы органдардың назарына іліккен еді. Бірақ ол істің қалай жүріп жатқанын өзі нақты айтпады. Абай Бегейдің ортаншы қызы Сымбат та — блогер. Кішкентайында ән айтып, сахнаға жиі шығатын. Былтыр тұрмысқа шықты. Қазір әншілік өнерін тек туыстардың той-жиындарында көрсетеді.  

Марйам Сатаева — Ақан Сатаевтың қызы

43 мың оқырманы бар

Марйам — танымал режиссер Ақан Сатаевтың тұңғышы. Жүргенов атындағы колледжінің Графикалық дизайнер мамандығын тәмамдаған. Тұрмысқа шыққалы ана ретіндегі рөлі туралы көп жазады. «Районы» фильміне түскен. Одан бөлек, каскадерлік қабілеті де бар. Күйеуі Есболат Әбдіберік екеуі — Nomad Stunts командасында кәсіби каскадер. Бір ұлы, бір қызы бар.  

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жақында бөпелі болатын қазақстандық жұлдыздар туралы жазған едік.