
Биылғы жылдың алғашқы 6 айында Түркістан облысында 104 жасөспірім қыз жүкті болып қалған. Олардың ішінде 13 және 14 жастағы қыздар бар. Бұл туралы Kursiv.Media-ға облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс ерте жүктілік бойынша жауапты маманы Замира Өтегенова айтты.
Түркістан облысында биылғы жылдың 6 айында 104 кәмелет жасқа толмаған қыз жүкті болып қалған. Былтыр дәл осы уақытта 18 жасқа толмаған 239 қыз жүкті болып, есепке алынған.
«Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан медицина мамандары мектеп және колледждерде ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жүр», – дейді ол.
Өтегенованың мәліметінше, облыста 12-17 жас аралығында 136 мыңға жуық жасөспірім қыз бар. Оның ішінде, 15-17 жас аралығындағы қыздар саны 6 мыңнан асады. Жүкті болып қалған 104 қыздың 72-і колледжде оқиды. 30 қыз үй бикесі, 2 қыз 13-14 жастағы мектеп оқушысы. Қыздардың басым бөлімі 16-17 жаста. Ерте жүктіліктің дені Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Шардара ауданы мен Түркістан қаласында тіркелген.
«Мысалы, 9-сыныптың оқушысы жүкті болып қалып, ұйып отырған отбасының ойраны шықты. Статистикалық мәліметтерге көңіл бөлсек, ерте жүкті болғандардың басым бөлігі колледж қабырғасында оқитындар. Мектеп қабырғасынан шығып, ерте жыныстық қатынасқа түсіп, бойына бала бітеді. Ал 13-14 жастағы жүктіліктің басты себебі отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен. Одан кейін толық емес отбасыдан шыққан қыздар жиі тіркеледі. Бұл өте өкінішті жағдай», – дейді маман.
Замира Өтегенова облыстағы 13 және 14 жасында жүкті болып қалған қыздардың босану уақыты әлі ерте екенін айтады. Олардың жүктілігін дәрігерлер бақылауда ұстап отыр. Оның айтуынша, ерте жүктілік жасөспірім қыздардың өміріне, денсаулығына қауіпті. Өйткені олардың ағзалары толық қалыптаспаған. Ағзасы жетілмегенде сыртқы ортадан бала, яғни эмбрион келетін болса бірінші кезекте қан кетуі мүмкін. Балаға өз ағзасындағы минералдарды бергеннен соң, өзінде жеткіліксіз болуы ықтимал. Нәтижесінде анемияға алып келуі мүмкін.
«Ерте жүктілік өте қауіпті. Денсаулық сақтау министрлігі қыздар үшін жүкті болуға қолайлы жас 20-25 жас аралығы деп белгілеген. 2024 жылы ерте жүкті болған 4 қызға медициналық аборт жасалған. Оның ішінде екеуінде балада ақау пайда болып, өмір сүру қабілеті болмаған соң жүктілік үзілген. Биылғы жылы медициналық аборт жасау тіркелмеген», – дейді Замира Өтегенова.
Ресми мәліметке қарағанда, 2024 жылы Түркістан облысында 328 ерте жүктілік тіркелген. Оның ішінде 14 жастағы 2 жасөспірім қыз болған.