Прокурор Берденовке қатысты оқиғаның қалай болғанын баяндады

Жарияланды
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор Берденовке қатысты оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

Оқиға қалай болған?

Прокурор Ерлан Сәдібековтің айтуынша, айыпталушы 2025 жылғы 21 сәуір күні түсте өзі басқарып отырған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-да мердігерлермен жиналыс өткізген. Оған Шымкент қаласы әкімдігінен құрылыс нысандарына мониторинг жүргізетін бөлім басшысы да қатысқан. Бөлім басшысының ұялы телефонына қоңырау шалған қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің Жиембайдың «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы директоры лауазымынан өз еркімен арыз жазып кетсін деген сөзін естіген. Содан оның «адам өлтіру яғни адам құқығына қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойы пайда болған».

Прокурордың айтуынша, Ернар Жиембай әуелі ішімдік ішіп, үйінен аңшы мылтығын алған. Қылмыстық ойын ешкімге білдірмей жүзеге асырған. 12 калибрлі аңшы мылтығы мен 9 дана патрон алып, қала шетіне барып мылтықты атып көріп, қарудың атуға жарамды екеніне көз жеткізген.

Қала әкімдігі ғимаратының автотұрағына келіп, қала әкімінің орынбасары Берденовтің жұмыстан шыққанын күткен. Түнгі сағат тоғыз шамасында Берденовтің шыққанын көріп, оған қарай оқ жаудырған.

«Автокөлікті айналып қашып жүрген Берденовті қасақана өлтіру мақсатында 5 рет оқ атқан. Оқ оң кеуде торына өтіп, өкпенің төменгі бөлігін, қабырға аралық артерияларын, диафрагманы жарақаттаған. Жәбірленушіге ауыр дәрежелі дене жарақатын салған. Әрі қарай Жиембай жарақаттанған Берденовтің жерде құлап жатқанын көріп қасына жүгіріп барып, қолындағы қаруымен оқ атуға әрекет жасаған. Алайда қаруында оқ таусылып, соңғы оқты атуға мүмкіндігі болмаған. Осы сәтте Берденов орнынан тұрып Жиенбаймен алысқанда мылтық жерге түскен. Осы кезде Жиенбай қылмыстық әрекетін тоқтатқан», – деді прокурор Сәдібеков.

Айыпталушы алқабилерден бас тартты

Сотта айыпталушы 31 жастағы Ернар Жиембай істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартқан. Ол іске төрағалық етіп жатқан Абинұр Қарабаевқа сенім білдіретінін жеткізді.

Істе жәбірленуші деп танылған Берденов денсаулығына байланысты сотқа келе алмады. Оның өкілі соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Айтуынша, оқиға қоғамдық орында бұзақылық ниетпен болған. Сондықтан айып 99-баптың 1-бөлігімен емес 99-баптың 2-бөлігі 9-тармағымен тағылуы керек. Бұған прокуратура мен жәбірленуші және оның қорғаушылары қарсы болып, қанағаттандырмауды сұрады.

Судья Абинұр Қарабаев 6 тамыз күні өтетін басты сот талқылауында жәбірленуші Руслан Берденовтің қатысуға міндеттеген.

Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен.
Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған.

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінген. Полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.

Сондай-ақ оқыңыз