
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты істі қарай бастады. Іс бойынша айыпталушы деп танылған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай сотқа айдауылмен жеткізілді. Ол Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен айыпталып отыр.
Берденов денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқандықтан, сотқа келмегені хабарланды. Оның құқығын қорғау үшін адвокаттары қатысып жатыр.
Сот істі қарамастан бұрын айыпталушы анасына «жыламаңыз, бәрі жақсы болады» деп айтты. Есік сыртында жылап тұрған әйеліне «арыңды сақта, бала-шағаға ие бол» деп дауыстады.
Айыпталушы өзін фото-видеоға түсіруге қарсы болды, судья оның өтінішін қанағаттандырды.
Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Іске судья Абинұр Қарабаев төрағалық етіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін іс құжаттарымен таныстыру барысында айыпталушы Ернар Жиембайға алқабилердің қатысуымен істі қараудың ерекшеліктері түсіндірілген. Алайда ол бұған қатысты ойын айтпаған.
21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінген. Полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.