Қоғам

Түркістанда 16 жасында босанған қыз өзіне-өзі қол салған

жасөспірім
15 жасында тұрмысқа шыққан қызды күйеуі бір жылдан соң тастап кеткен/Фото: shutterstock

Түркістан облысында 15 жасында тұрмысқа шыққан қызды күйеуі бір жылдан соң, баласымен бірге төркініне әкеліп тастады. Қыздың анасы бұған күйеубаласымен қоса, құдағиын кінәлайды.

Шолпан (аты-жөні өзгертілді – ред.) отбасында төрт баланың екіншісі. Ол Қанатпен (аты-жөні өзгертілді – ред.) 14 жасында әлеуметтік желі арқылы танысқан. 15 жасында кездесіп, қыз бен жігіт болып жүре бастаған. Шолпаннан 6 жас үлкен Қанат оған құдабала болып келеді.

Қыздың анасының сөзінше, 2024 жылдың көктемінде 9-сыныпта оқып жүрген Шолпанның мінезі бірден өзгерген. Табиғатынан ашық-жарқын, күліп-ойнап жүретін қыз бірден тұйықталып кеткен. Тіпті мектепке бармай қойған.

«Ол кезде 9-сыныпта оқитын. Мектепке де баруын қойды. Оқу жылының аяғы, тест тапсырады. Апайлары күнде іздеп келеді. Ол бармаймын деп жатып алды. Бір күні аяқасты дос қыздарыма барамын деді. Түсте кеткен, кешке дейін келемін деген. Үйден шыққаннан телефоны бірден өшті. Жүрегім су ете қалды. Бірден дос қыздарына хабарластым. Үйдеміз, көрмедік деді. Ары-бері іздеп таппадым. Кеш түскенде жақын құрбысы «жігітпен жүр» деді. Соның айтуымен Шымкентке барып, екеуін кинодан келе жатқан жерінен таптық. Сөйтсем оған дейін екеуі жыныстық қатынаста болған екен», – дейді анасы.

Шолпанның анасы полицияға арызданбақ болған. Құда-жегжат, ағайын-туыстары араға түсіп, ақылға салуды өтінген. Ал қызы Шолпан «Жақсы көремін, тұрмысқа шығамын» деп аяқ тіреп тұрап алған. Ол кезде Қанат әскери қызметкер болған. Жұмыстан босап, жазда сырға салып Шолпанды алып кеткен. Екеуі заңды некеде тұрмаған, үйіне молда шақырып, мұсылманша неке қидырған.

«Басында 3-4 ай жақсы тұрды. Көп өтпей қызымның аяғы ауыр болып қалды. Дәрігерлер 15 жасар қыздың аяғы ауыр екенін білгеннен полицияға хабар берген. 2 апта шамасында полицияда жүріп басылды. 16 жасқа толғанда бала түсіп қалуы мүмкін деп дәрігерлер ауруханаға жатқызды. Сол арада іс қысқартылды деген хабар естідік. Осы кезден бастап құда-құдағидың мінезі өзгеріп кетті. Бұған шыдай алмаған қызым өзіне-өзі қол салып, ауруханаға түсті»,  – дейді Шолпанның анасы.

Әйелдің айтуынша, ауруханадан шыққан соң қызын үйіне алып келген. Көп өтпей құдалары жиналып келіп, келінінің киім-кешегін әкеп тастаған. Ортада бала бар ғой келетін шығар деген үмітпен күткенімен ешкім келмеген. Ашуланған ол аяғы ауыр қызымен полицияға қайта барған. Істі қайта ашуды талап еткен.

«Полицияға арызданып жүргенде қызым сол арада Жетісай ауданында толғағы қысып, перзентханаға түсті. 7 күн дегенде босанды. Қан қысымы көтеріліп кетті. Босанатын кезде қайыненесі, күйеуі келетінін естіген екен. Бірақ ешкім келмеді. Қатты күйзелістен қызым баласын бауырына баспай қойды. Перзентханадан күйеубалам шығарып, үйге алып келді. Кешірім сұрап еді, «осы уақытқа дейін қайда болдың» деп қуып шықтым. Келесі күні тергеуші келді. Баланы қамауға алу туралы шешім шығыпты», – дейді анасы.

Шолпан қазір қырқынан шықпаған баласымен төркінінде жатыр. Анасы қазіргі жағдайы да түсініксіз екенін айтады. Баласына қарайды да жылайды, бірде күліп құшақтайды. Ол қызым тағы өзіне-өзі қол сала ма деп алаңдайды.

«Бала туғаннан ана сүтімен қоректенбеді. Қызым емізбей қойды. Қазір немереме өзім қарап отырмын. Қызым күйеуін әлі жақсы көремін, қимаймын дейді. «Кешірім беремін, онымен бірге өмір сүремін» дейді. Күйеубаланы күтіп жүр. Ал мен қорқамын. Тағы тастап кетсе қызымның күйі не болмақ? Қызымның өмірі мен сезімі ойыншық емес қой», – дейді ол.

Полиция бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау, сол сияқты көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу» бабымен іс қозғаған.

Тергеу басталып, күдіктіге іздеу жарияланған.

Бұған дейін Түркістан облысының Сарыағаш ауданына келін болған келіншек те өз-өзіне қол салып қайтыс болған еді.