Жаңалықтар

Енді банк картасын бөтен адамға бергендер жауапқа тартылады

Банк картасын басқаға бергендер жауапқа тартылады/фото: shutterstock

Банк картасын басқа адамға бергені үшін жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ведомство дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған қылмыстық заңнамадағы маңызды өзгерістер туралы ескертті. Соған сәйкес, Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.

Полицияның хабарлауынша, алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.

Сондай-ақ ішкі істер министрлігі бірнеше кеңес берді:

  • ешқашан банк деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
  • картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз;
  • күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.